Біз кз

Әкімдердің «тісі батпайтын» Нүкенов деген кім?

Ақермендік шаруалар наразылығы

Жамбыл облысы, Ақермен ауылы халқының билікке өрши түскен өкпесі зор. Еліміз бойынша асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын ең үлкен елді мекендегі шаруашылықтың көз алдарында күйрегеніне күйінеді. Анығы, «Меркі асыл тұқым зауыты» АҚ-ның қожайыны жалпыға ортақ дүниені жалғыз өзі иемденген. Қожайын деп отырғанымыз – Барлықжан Нүкенов.
Жаппай жекешелендіру жүргенде шаруашылықтың ерекшелігі ескеріліп, ол мемлекет меншігінде қалған. Сөйтіп, 2015 жылға дейін Алатау етегіндегі елдің жалғыз жанбағар кәсібі осы болды. Меринос қойы Меркінің бренді еді. Өкініштісі, бүгінде брендтің жұрнағы да жоқ.

Бұл күйге билік басындағылар түсірді дейді халық. Бастапқыда ешкімге қол жаймай-ақ, жұртшылық шаруасын өз бетінше дөңгелетіп жүрген. Осы тұста, яғни 2015 жылы билік басындағылар қожалық ісін одан әрмен жандандырамыз деп жиын өткізеді. Сол кезде облыс әкімі болған Кәрім Көкірекбаев «Инвестор таптық, осы іске тарттық, оның пайдасы көл-көсір» деп сендіреді. Инвестор деп таныстырылған азамат, әлгі біз айтып отырған Нүкенов мырза. Бірақ, жұрт жеті жылдан соң жер сипап қалды.
Сол кезде қорадағы 25 мың қойдан 9 мыңы қалған. Оның өзінде бұрнағыдай тұрақты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, асыл тұқымды қой дүбәраға айналған. 100-ден аса ауылшаруашылық техникасы тағы жоқ. Қараусыз қалған ғимараттар бүгінде қауіпті аймаққа айналған. 22 мың гектар жерден ұлтарақтай жер бұйырмаған. Жиын-теріннен берілетін пай үлесі де жұрт аузына түспеген.

Екі ортада ел дымсыз қалған. Тіпті ауылда отырып бір айыр шөпті қаладан сатып аламыз деп ашынады. Өздеріне тиеселі егістік, жайылымдық жерді тағы игере алмайды. Онсыз да талан-таражға түскен дүние-мүлік 22 мың гектар жерімен қоса 2 млрд теңгеге банкте кепілдікте тұр. Бұл қаржы көбеймесе азаймайды дейді ел. Себебі, салық пен басқа да қаржылық ұйымдарға қарыз екен.

Бақсақ, инвестор тартамыз деп ала-шапқын болған ақ жағалылар әу баста-ақ алдап соқты дейді тұрғындар. Ауыл халқы сан мәрте бұрынғы-бүгінгі облыс әкімдеріне шағымданған. Бірақ, бір де біреуі бұл іске бел шеше кіріспепті. Оны тұрғындар шаруашылықтың қожайыны Барлықжан Нүкеновке әкімдердің тісі батпайтынымен байланыстырады. Өйткені, Барлықжан Нүкеновтің артында экс-Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин тұр деп топшылайды. Қазір бұл іске байланысты тергеу басталды. Бірақ басты күдікті Барлықжан Нүкенов тұрғындарға төбе көрсетпек түгілі, тергеушілердің өздеріне ұстатпай жүр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.