Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің жарық көргеніне 100 жыл толды. 1922 жылдың 1 мамыры күні алғашқы нөмірі жарық көрген басылымның ғасыр толған мерейтойы облыс көлемінде түрлі деңгейде аталып өтуде.
Өңір шежіресін өрнектеп, тарихқа қатпарлап келе жатқан газет ұжымы бүгін Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында болды.
«Ақ жол»: кеше, бүгін, ертең» тақырыбымен өткен кездесуге газеттің ардагерлері де арнайы шақырылған. Елен Әлімжан, Тұрсынхан Толқынбайұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы сынды майталман журналист, ардагерлер басылымда еткен еңбектерімен, естеліктерімен бөлісті.
Ал газеттің қазіргі редакторы Оралхан Дәуіт пен редактордың орынбасары Фариза Әбдікерімова осы кезеңдегі газеттің тыныс-тіршілігін баяндап берді.
Ең бастысы, өздері қызмет ететін басылымның құрметіне тұңғыш ұлдарының есімін Ақжол деп қойған Ақылжан Мамыт пен Тұрсынбек Сұлтанбек ерекше құрметке бөленді.
Газет оқырмандары мен мектеп оқушылары, кітапхананың тұрақты оқырмандары бас қосқан келелі жиынды жоғары деңгейде өткізген кітапхана директоры Эльмира Абдинова ақжолдықтарға игі тілегін арнап, шығармашылық табыс тіледі.