Біз кз

Білімге құштар жастардың басын қосты

Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Білім. Ғылым. Жетістік» тақырыбында республикалық студенттер форумы өтті.

Еліміздегі жоғары оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері мен республикалық жастар ұйымдарының басшылары мен аталған оқу орнының студент жастары қатысқан форум барысында бірнеше бағыттық шаралар ұйымдастырылды.

Ең бірінші кезекте «Студенттік өзін-өзі басқару жүйесін және жастар ұйымдарының жұмысын дамыту жолдары» тақырыбында студенттік конференция өтті.

Сондай-ақ, «Ахмет Байтұрсынұлы: Ұлт ұстазының жолымен» тақырыбында «ITII CUP-ІV» студенттер арасында республикалық пікірсайыс турнирі, «Әділетті Қазақстан – әділетті қоғам» тақырыбында «ХТИИ ректорының кубогы» үшін облыстық «Жайдарман» ойыны және түрлі семинар, тренингтер мен түрлі нетворкинг шаралары ұйымдастырылды.

Конференция отырысына қатысқан Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының президенті, профессор, облыстық мәслихат депутаты Ерболат Саурықов форум жұмысына сәттілік тілеп, алғысын айтты.

Айта кетейік, Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Айсұлу Ерниязова, «Amanat» партиясы «Жастар рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Әйгерім Серікжанова, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы «Ауыл жастары» жастар қанатының төрағасы Дәурен Рахымбек, Қазақстан студенттер Альянсының көшбасшысы Ілияс Түстікбаев конференцияға онлайн форматта қатысып, жастар саясаты мен студенттік өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру бағыттары туралы өз ойларын ортаға салды.

Ал Satbayev University Жастар ісі және спорт департаментінің директоры Әділхан Төлепберген, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жастар ісі жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Ағарыс Әуесхан, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының Студенттік ректоры Ерасыл Берді, Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттік ректоры Дінмұхамбет Үмбетұлы оқу ордасындағы студенттік өзін-өзі басқару құрылымы мен оның артықшылықтарымен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты.

«Бүгінгі іс-шара студенттік өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту, студенттердің тәжірибе алмасуы мен оқу орындарының өзара ынтымақтастығын нығайтуға үлкен үлес қосады деген сенімдемін» – деді Дінмұхамбет Үмбетұлы.

Бұдан бөлек, облыстық «Жайдарман» жекпе-жек ойындарына облыстың сегіз мықты командалары қатысып, бақ сынады. Олар алдын ала анықталған жеребеге сәйкес жекпе-жек ойын көрсетті. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Үш күнге созылған форум аясында ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ахмет Байтұрсынұлы: Ұлт ұстазының жолымен» тақырыбында «ITII CUP-IV» үшін студенттер арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтті.

Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 30-ға жуық топ қатысып, бақтарын сынады. Олар әлемдік және өңірлік өзекті мәселелерге арналған қарарлар бойынша талқылар, олардың шешу жолдарын қарастырды.

«Дебат – студенттердің ой-өрісін кеңейтетін, сөйлеу шеберлігін дамытатын ойын. Еліміз бойынша жоғары деңгейде, жүйелі жолға қойылған ойын деп айтсақ болады. Ал «ITII CUP-IV» біздің асыға күтетін турниріміз. Бұл турнирге мен бірнеше жыл қатарынан қатысып келемін. Турнирде түрлі ерекшеліктер, жаңашылықтар мен жоғары көңіл-күй сыйлайтын ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Бұл жолы қатысушыларға ұлттық киім үлгісінде өткізу маған қатты ұнады», – дейді Ботагөз Жақсылық.

Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды Нұрболат Тілеубай, Жандос Әмре (Алматы қаласы), 2-орынды Нұрдаулет Өмірзақ, Думан Әсембек (Алматы қаласы), 3-орынды Болат Байтөриев, Ерзат Сәбит (Алматы қаласы), сондай-ақ турнирдің «Үздік спикері» номинациясымен Нұрдәулет Өмірзақ (Алматы қаласы) және «Үздік төреші» номинациясымен Ұланбике Баушабай (Тараз қаласы) марапатталды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйақы тағайындалды.

Сонымен қатар облыстық пікірсайыс ойындарын дамытуға қосқан үлесі үшін Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Тоқберген «Пікірсайыс дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен Есімхан Рахымжанов пен Бекболат Асқарды марапаттады.

Әсем Әнуарбек, студент.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.