Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Барысхан» алқабында тұрғындармен кездесу өткізді. №62 орта мектеп кешенінде өткен жиынға №4 аумақтық округтің тұрғындары қатысты.
Жиында ең алдымен аталған округ инспекторы Нұржан Жұмағұлов атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен баяндап, шаһар басшысы мен тұрғындар алдында есеп берді.
– Биыл «Барысхан» тұрғын алқабында сыйымдылығы 600 білім алушыға арналған №62 орта мектебі пайдалануға берілді. Қазіргі таңда білім ошағында 467 оқушы білім алуда. Сондай-ақ, алқапта ойын алаңшасы салынды. Сонымен қатар, «Қарасай», «Тектұрмас» тұрғын алқаптарына ауыз су тарту жұмыстары жүргізіліп, Бурный көшесінің аяғында «Төрегелді» каналынан өтетін көпір жөндеуден өткізілді. Бұған қоса былтыр №9, №10 бағытында қоғамдық көлік жүргізіліп, «Қант» зауыты алқабында, Киікбаев көшесі, Оқым-қортыс, Ақыртас, Шу, Айнакөл көшелерінің 1-ші үйінен 45-ші үйіне дейін көше жарығы орнатылып, «Базарбай», «Төрегелді» каналдарында тазалық жұмыстары жүргізілді, – деді Нұржан Жадыраұлы.
Келесі кезекте Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аумақ тұрғындарының өтініш-тілектеріне құлақ түріп, қаланы дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған үш жылдық даму жоспарымен таныстырды. Ол өз сөзінде:
– Қаланы дамытудың үш жылдық жоспары жасалды. Шаһардағы барлық мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге күш салып жатырмыз. Бүгін кездесуге келіп отырған №4 аумақтық округтегі тұрғындардың көп көтеретін мәселесі – жол.
Жалпы, «Барысхан» алқабындағы 25 көшені асфальттау үшін 1,4 миллиард теңге қаржы керек. Бұған қалалық бюджеттің шамасы келмейді. Сондықтан, республикалық қазынадан қаржы сұрап отырмыз. Барлық мәселе жоспарға сай кезең-кезеңімен шешіледі. Сондықтан, бұл тұрғыда асығыстыққа салынбаған дұрыс. Себебі, ол жол сапасына тікелей әсер етеді, – деп атап өтті.
Айта кетейік, барысхандықтарды толғандыратын негізгі мәселе осы жол болатын. Осылайша, қала басшысы көптің көкейінде жүрген сұраққа нақты жауап берді.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан балалар ойын алаңдарын, жаяу жүргіншілер жолын салу, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп жүрген қаңғыбас иттерді аулау сынды бірқатар өзекті мәселелерге байланысты тиісті жауап беріп, ой бөлісті.
Аталған және өзге де мәселелер бойынша Тараз қаласының жауапты бөлім басшыларына арнайы тапсырмалар беріп, жауапкершілік жүктеді.
Жиыннан соң қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.