Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына -78 жыл толып отыр. Ананы жесір, баланы жетім еткен осы сұм соғыстың зардабын тартпаған отбасы елімізде кемде-кем деуге болады. 1418 күн мен түнге созылып, миллиондаған адамның өмірін қиған сұм соғысқа лағнет айтпасқа болмайды.
Ауданымыздан Ұлы Отан соғысына 3341 адам шақырылып, соғыстан 1981 адам елге аман-есен оралған екен. Оралғандардың басым бөлігі жаралы болып елге жетсе, соғыс салған зардаптың кесірінен елге келгеннен кейінде өмірден ерте өтіп жатқандары да болды. Енді міне сол майдангерлердің ішінен жалғыз ғана Жетібай ауылында тұратын 98 жастағы еңбек және соғыс ардагері Рахымжан Мамыралиев ағамыз ғана арамызда жүр.
Ұлы Отан соғысы ел есінде өшпестей із қалдырды. Ұлы Жеңістің аяқталғанына 78 жыл болса да оның салған жарасы әліде болса талай жүректерді сыздатып келеді. Осындай алапат соғыста от пен оқтың ортасында жүріп, Жеңісті жақындатқандардың бірі Рахымжан ағамызды әркез мақтан етеміз. Биылғы Ұлы Жеңістің 78 жылдығы мерекесін тойлау ауданда жалғыз ғана соғыс ардагері Р. Мамыралиевке ғана бұйырып отыр.
Рахымжан аға 1925 жылы 25 қаңтарда көршілес Жамбыл ауданында өмірге келген. 1943 жылы осы аудан комиссариатынан соғысқа аттанып, Приморск өлкесін, Ворошилов қаласын жаудан азат етуге қатысады. Жапон соғысына да қатысқан жауынгер соғыста көрсеткен ерлігі үшін II-дәрежелі «Отан соғысы» ордені, бірнеше медальдармен марапатталған.
Рахымжан аға соғыстан елге 1951 жылы оралады. Елге келісімен «Ақдала», «Бірлесу еңбек» колхоздарында есепші, Фрунзе колхозындағы сүт комбинатында жұмыс істеп, 1985 жылы абыроймен зейнетке шығады.
2007 жылы өмірден өткен жұбайы Күлимат Мамыралиева екеуі 7 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан бірнеше немере сүйді. Бүгінде ұлы Сапардың қолында тұрады. Келіні Нұризат атасының бар жағдайын жасап отыр.
Әке-шешесінен ерте айырылған Рахымжан аға еңбекке ерте араласқан. Соғыстан аман-есен елге оралғаннан соң колхоздың жұмысына жегіліп, демалуды білмегенін айтып отыр. Ең өкініштісі құдай қосқан қосағы мен 5 баласының өмірден ерте өткені өзекті өртейтінін айтады қарт жауынгер.
Рахымжан аға жасының ұлғайғанына қарамастан сыртқа өзі кіріп-шығады екен. Қолындағы екі таяғының көмегімен аулада бір мезгіл таза ауамен тыныстағанды жақсы көреді. Біз ауылдық округтің әкімі Нүркен Унетаевпен ардагерге сәлем бере барғанымызда есік алдында кездестік. Құлағы ауырлау естіп, көздің көру қабілеті төмендегені болмаса әлі де тың көрінді.
Ауданымыздағы соғыстың соңғы сарбазы Рахымжан ағамен қоштасар сәтте ағаға құрмет тек Жеңіс күні мерекесінде ғана емес күн сайын жасалып жатсада артық болмайды-ау деген ой келді. Ал мұны еңбек және соғыс ардагері тұрып жатқан ауылдық округ әкімшілігі басты назарда ұстаса игі.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.
Жетібай ауылы, Байзақ ауданы.