Біз кз

«Көрпе Fest» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Бүгін туризм және қолөнершілер орталығында Қала күніне орай ұйымдастырылған «Көрпе Fest» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов қатысты.

Әуелі шара қонақтары көрмені аралап, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Бұдан кейін шаһар басшысы сөз алып, ізгі лебізін жолдады.

– Бұл шара мыңдаған  жылдар  бойы  қалыптасқан ұлттық ою-өрнектерімізді кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қазақ  халқының көрпе тігу өнері – бағзыдан жеткен ұлттық өнерлеріміздің ішіндегі ең асылы. Себебі, сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан бұл өнер түрі халықтың шынайы рухани танымымен астасып  жатыр.

Бүгінгі байқауға қатысушыларымыздың қазіргі жаһандану  дәуірінде  ұмытылып бара жатқан қазақы ою-өрнегімізді заманауи үлгіде жаңғыртып, алдағы уақытта ұлттық  құндылығымызды  насихаттауға өз үлестерін қосатынына сенімдімін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы байқау жеңімпаздарына марапаттарын табыстады.

Шеберлер сайысының қорытындысы бойынша 3-орынды №15 гимназиясының оқушысы Жамиля Мұхаметілда, 2-орынды «Күнім-ай» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Бибігүл Жылгелді, 1-орынды жеке кәсіпкер Нұрсұлу Қамзабек  еншілеп, қаржылай сыйлықтарға қол жеткізді.

Келесі кезекте «Шебер Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, қазылар алқасының мүшесі Анар Бексұлтанова сөз сөйлеп, аталған шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін қала әкімдігіне алғысын жеткізді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.