Біз кз

Шахматшылар турнирі

Барыс Есдәулетұлын аймақ жұртшылығы Борис деп таниды, солай атайды да. Алғашқы болып, аудан орталығынан тіс емханасын ашып, ем іздеген талай науқасқа шипасын тигізген абзал жанның мәңгілік мекенге аттанғанына да жылдан асты. Жалпы Барыс Есдәулетұлы жоғары санатты дәрігер, ісіне жетік білікті маман ғана емес, ойлылар ойыны саналатын шахматтан түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарған спортшы да болатын. Кейінгі жылдары аудандағы шахмат федерациясын басқарып, турнирлер ұйымдастырды. Талабы бар шәкіттерді тартып, тәрбиелей білді. Жақсының ізі жоғалмайды. Абзал ағаның алдын көріп, ойынның қыр-сырын меңгерген кешегі балалардың бірқатары қазір жаттықтырушы болып, артылған үмітті ақтап келеді.
Өткен аптада марқұмның жұбайы Мария Ахметова мен артында қалған ұлдарының, сонымен қатар «Фосфорит-Шәріп» қорының ұйымдастыруымен ауданның Құрметті азаматы Барыс Есдәулетұлын еске алуға арналған шахматтан облыстық ашық турнир өтті.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, университетте бірге оқып, қатар жүріп араласқан Тынысбек Кенбаев марқұмның кісілік келбеті мен адамгершілік қасиеттеріне тоқталды.
Салтанатты рәсімнен соң Барыс Есдәулетұлының рухына дұға бағыштап, дәм берілді.
Аудандық орталық кітапхананың оқу залында Тараз қаласы, Сарысу, Байзақ, Жуалы, Меркі аудандарынан келген спортшылармен қатар, жергілікті ойыншылар бас қосты. Бәсекеге түскен 35 шахматшының арасында жарыстарға қатысып, шыңдалған жастар да, тәжірибесі мол аға буын өкілдері де болды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Айтқазы Баймурзин төрешілік жасаған турнирде жас ерекшелігіне шек қойылған жоқ. Кей кездесулерде жасы үлкендермен бақ сынаған балғын спортшылардың бәсі басым болса, кейде ардагер ойыншылардың әдіс-тәсілі озып жатты. Дегенмен Швецариялық жүйемен өткізілген жарыс барысында тараздық шахматшылардың ойын шеберлігін айта кетуіміз керек. .
Екі күнге созылған турнир қорытындысы бойынша 1-орынды тараздық Телбай Садықов иеленсе, 2-орынға меркілік Тынысбек Кенбаев тұрақтады. Ал, облыс орталығынан келген жас шахматшы Бибісара Айбылайқызы үздік үштікті түйіндеді. Сонымен қатар марапаттау рәсімінде үздік ойын көрсеткен ардагер мен жас шахматшылардың есімдері аталды. Тұғыр биігінен көрінген спортшылар мен ойын өрнегімен ерекшеленген шахматшыларға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Одан бөлек, өзге ауданнан келіп турнир көрігін қыздырған балғын спортшыларға арнайы сыйлықтар берілді.
Жарыс соңында Мария Ахметова, ардагер спортшы бақыт Сарыбаев, Жаухар Дәуренбекова бағын сынаған барлық спортшыларға ризашылығын білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.