Бүгін Талас ауданының орталығында «ҚЫС-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында арнайы тактикалық оқу жаттығу өткізілді. Ең әуелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны А.Мелдеев төтеннен келген қауіпке қарсы тұратын жедел шұғыл әрекет ету жасағы сапқа тұрғызылғандығын баяндады. Шара барысында аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков жедел әрекет ету жасағының жеке құрамы, техникалары, құрал-жабдықтарымен танысып, жаңа маусымға дайындығын тексерді. Тұтастай алғанда, 10 қызметтен құралған 58 адам мен 18 арнайы техника қыс айларында орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға байланысты әзірліктерін қолға алды.
Сонымен бірге аудан әкімі жасақ басшыларымен қыс мезгіліндегі көше тазалығы, жол-көлік оқиғасының алдын алу сынды өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, төтеннен келетін қауіпке әрдайым әзір болу керектігін ескертті.
Оқу жаттығу барысында практикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қыс мезгілінде жолда қалған азаматтарды құтқару, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету және аудан аумағында орналасқан жылыту пункттеріне орналастыру шаралары пысықталды.
Жоғарыда аталған салаға қатысты жұмыстар мен олардың материалдық-техникалық базасын одан әрі күшейтіп, толық жабдықталуына күш салынатын болады.