Біз кз

Ардагерді ардақтап…

Талас ауданының Құрметті азаматы Шымкент Рысқұлұлының есімі жергілікті жұртшылыққа жақсы таныс. Өмір жолы Қаратау қаласымен қатар өрілді. Оның есімі биыл 60 жыл толып отырған шағын шаһарымыздың іргесін қалаған азаматтармен бірге аталады. Олай деуге негіз де жоқ емес. Ардагер аға қызметін 1960 жылы Шолақтау поселкесіндегі мектеп-интернаттан бастады. Қиюы қилы, қиындығы жетіп артылатын қызметте жүріп, талай шәкіртті тәрбиеледі. Шымкент Рысқұлұлының аудан дамуына сіңірген еңбегі аз емес. Оны қатар жүрген, жақын танитын замандастары жақсы біледі. Ағамыз ономастикалық коммиссияға мүше болған тұста қаладағы көшелерді қазақшалауға, оған белгілі тұлғалардың есімін беруге ықпал етті, септігін тигізді. Аудандық архивтің алғашқы директоры болған, ауданда алғашқы болып бокс секциясын ашқан да осы Шымкент Рысқұлұлы еді.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрлыбек Көпжасаров, Кеңес Қарулы кұштерінің жеңімпазы Ақшора Жұмағұлов сынды спортшыларды тұғыр биігіне көтеріп, танылауына сеп болды.
Ағаның артында қалған мұрасы, елге сіңірген еңбегі ұмытылмақ емес. Жақсының ізі өшпейді. Күні кеше аудандық тарихи-өлкетану музейінен Шымкент Рысқұлұлына арналған бұрыш ашылды. Шараға марқұмның туған- туыстары мен жақындары, алдын көрген шәкірттері және колледж студенттері қатысты.
Салтанатты рәсімде сөз алған «Талас аудандық мемлекеттік архиві» мекемесінің жоғарғы дәрежедегі архившісі Зағиша Жамалбекқызы, №32 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Дүйсен Бөлегенов, Әлия Шымкентқызы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ербол Наршаұлы Ш.Рысқұлұлының табиғи болмысы мен адамгершілік қасиеттеріне тоқталды. Өткен күннен сақталған естеліктерімен бөлісті.
Сонымен қатар жиылғандар Ш.Рысқұлұлының әр жылдары алған марапаттары мен көзі тірісінде тұтынған бұйымдары қойған бұрыштың лентасын қию рәсіміне куә болды.
Мұнан соң марқұмның рухына Құран бағышталып, дәм берілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.