Ағымдағы жылдың 15 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» атты 5 апталық республикалық экологиялық акциясынының аясында бұл апта Қордай аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналған.
Осы мақсатта ең алдымен Кенен Әзірбаев атындағы әдеби мемориалды мұражайының ауласында тазарту, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Сенбілік жұмыстарына мұражай қызметкерлері мен 30 дан астам ерікті жастар қатысқан.
Жалпы Қордай ауданы бойынша жалпы 855 тарихи-мәдени ескерткіш бар екен. Оның 47-сі монумент ескерткіш, қалған 808 ескерткіші археологиялық болып табылады.
Тазалық акциясы барысында аудан аумағындағы барлық тарихи-мәдени орындарға сенбілік жасалмақ.
Республика көлемінде басталған «Таза Қазақстан» акциясы ауданда өткен аптада «Таза өлке» тақырыбында ұйымдастырылып, ауыл-аймақ қоқыстан тазаланып, ағаш көшеттері де егілген болатын.
Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов бастаған мемлекеттік мекеме қызметкерлері, түрлі кәсіпорын ұжымдары «Болашақ» ықшам ауданында 500-ге жуық қараағаш көшетін ексе, өзге де мекеме, коммерциялық құрылым ұжымдары абаттандыруға атсалысып, өздеріне тиесілі жер учаскелерін жөнге келтірді. Осылайша, ауылдарын қоқыстан тазартқан қордайлықтар үлгілі іс атқарды.
Мамандардың берген мәліметінше, бұл күнгі тазалық жұмыстарына аудан бойынша екі мыңға жуық адам қатысып, ондаған тонна күл-қоқыс қалдықтары шығарылған.