Отан қорғаушылар күні мерекесіне орай, Меркі аудандық мәдениет үйінде «Ұранды елдің ұрпағы қайсар» атты патриоттық кеш өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Өмірбек Мейірхан Азатұлы, сарбаздар және Отан алдындағы борыштарын өтеуге бара жатқан болашақ сарбаздар қатысты.
Мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен салтанатты түрде кеш ашылған соң, Мейірхан Азатұлы көпшілікті келе жатқан Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, әскер қатарына борыштарын өтеуге бара жатқан сарбаздарға сәттілік тіледі.
Содан соң, марапаттау рәсімі өтіп, облыстық сапта жүріп ән айту байқауында жеңімпаз атанған оқушылар мен көктемгі әскери қызметке шақыру кезеңінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар қызметкерге аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Сонымен қатар Меркі ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қарулы күштерінің ардагері, запастағы подполковник Ұлан Аубакиров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев және аудандық ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Ержан Шолпанқұлов та құттықтау лебіздерін жеткізді.
Патриоттық кеш барысында сарбаздардың құрметіне арнап аудандық өнерпаздар концерттік бағдарлама қойды. «Өнер» мектебінің ұжымы – «Бала махаббат», «Меркі» халық театры – «Борышыңмен борщты шатастырма» тақырыптарында сахналық қойылымдарын ұсынса, Мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашты.
Сондай-ақ, №11971 әскери бөлімнің сарбаздары патриоттық рухтағы әндер шырқап, поэзия оқыса, Отан алдындағы борышын өтеуді мақсат тұтқан болашақ сарбаздар да елге деген үнделерін жолдады.