Біз кз

ЖУАЛЫДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жуалы ауданының Ақсай ауылдық округі Қайрат ауылында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа мәдениет үйі ашылды.

Ашылу салтанатына Жуалы ауданының әкімінің орынбасары Асхат Жабағы қатысты. Асхат Базарбайұлы өз сөзінде:
– Бұл жерде әлемге аты әйгілі дарынды тұлғалар тәрбиеленіп шығарына сенеміз. Жаңа мәдениет үйінде халықтың рухын көтеруге бағытталған әлеуметтік маңызы бар, мәдени шаралардың жиі өтуі маңызды, – дей келе ауылдықтарды қуанышымен құттықтады.
Жаңа ғимараттың лентасын қию рәсімі Ақсай ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Аманжол Дүрәліұлы мен Жуалы ауданының құрметті азаматы, ауыл ақсақалы Әбілқасым Ергебековқа берілді. 

Шара барысында мердігер мекеме директоры Бексапар Үсербаев аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Біләнқызына кілт табыстады.

Мерекелік кешіміз әрі қарай, Жуалы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Жаңадан бой көтерген 150 орындық Қайрат ауылдық мәдениет үйінің құрылысы 2021 жылы бастау алған болатын. Мәдениет үйі заманауи технологиямен жабдықталған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.