Жамбыл облысы, Қордай ауданында 14 жасар қыз зорланған. Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімге осы күнге дейін ешқандай психологиялық көмек көрсетілмеген деп хабарлайды «Biz01.KZ» ақпарат агенттігі.
Жәбірленушілердің сөзінше, осыдан 15 күн бұрын орын алған оқиғаға құзырлы органдар әлі тиісті назар аудармай келеді.
Өз кінәларын мойындап, болған іске куәлік еткен күдіктілер болса да, олар қамауға алынбаған.
Қордай аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратура өкілдері жәбірленушіден алынған талдаманың нәтижесі дайын болмай, күдіктілер қамаққа алынбайды деп отыр.
26 маусымда орын алған оқиғаның генетикалық зерттеу нәтижесі дайын болмай, іс қозғаусыз тұр.
Сондай-ақ, зорлық көрген қыздың анасы тергеу барысында психолог маманның болмағанын және өзін де тергеу барысында “Қызыңыз сізден ұялып тұр” деп тысқа шығарып жібергенін, жасөспірімге қысым жасалғанын айтады.
Оқиғаны жасөспірімнің анасы және өзі былай баяндайды: “Күдіктілер қызды алдап-арбау жолымен, яғни “Анаң ұйықтап қалған кезде сыртқа шық, қыдырып келеміз, тағы екі қыз шығады” деп тысқа шығарған. Сөйтіп, көлік жүргізген және сөйлескен жігіттен өзге бір жігіт бар, бәрі аудан орталығы Қордайға барады. Жарты сағаттан аса белгісіз қыздарды күткен олар дүкенге кірген. Сол жерден жігіттердің бірі кола сусынын алып, көлікке келіп қызға құйып берген. Сусынның екі стаканын ішкен соң қыз есін жоғалтқан. Сол кезде жігіттер жаман ойын жүзеге асырған дейді анасы.
Содан кейін қызды ес-түссіз күйде белгісіз уақытта ауласына әкеліп тастаған. Анасы таңғы уақытта қоқыс тастауға шыққан сәтте қызының ессіз жатқанын, киімдерінің бәрі бүлінгенін көрген.
Айта кетейік, зорлық көрген жасөспірім Қордай ауданына қарасты Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің 8-ші сыныбын тәмамдаған. Алайда, мектеп әкімшілігі тарапынан да бұл отбасына қайырылған ешкім болмаған.
Жәбірленуші тарап бұл іс жылы жабылып қалады ма деп алаңдап, ел Презиенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, Бас Прокуратура, Сотқа үндеу жасады.