Біз кз

«ӘЛІБЕК» АЛДА КЕЛЕДІ

Көктем мен жаздың әрбір күні жылға азық болатынын терең ескерген егіншілер дәл қазіргі сәтте дала төсін дүбірге бөлеп, жауапты науқанның көрігін қыздыруда. Алқаптың басында қызу еңбек. Ауыл-аймақтың төңірегінде техникалардың дауысы естіледі. Бұл ең алдымен, қамбаны қызыл дәнге толтырудың қамы.
Жуалы ауданына қарасты, аудан орталығымен іргелес жатқан Ақсай ауылдық округінде де биылғы егін орағы науқаны қызу жүріп жатыр. Ақсай ауылдық округінде жалпы 4 994 гектар егістікке жарамды жер бар болса, оның ішінде, биыл – 1 620 гектар алқапқа жаздық арпа дақылы, тиісінше, 490 гектарға күздік бидай, 810 гектарға мақсары, сонымен бірге, картоп -125 гектарға, ал таза жоңышқа – 420 гектар алқапқа егіліп отыр.
Округте жер егіп, адал еңбек арқылы ел ырысының еселенуіне мол үлес қосып отырған іргелі шаруашылықтардың бірі – «Әлібек» шаруа қожалығы. Қайрат ауылының еңбек майталманы, марқұм Шаяхмет Қалдарбековтың бастамасымен 2001 жылы құрылып, бүгінде шаруасы шалқыған шаруа қожалықтың жұмысы өзгелерге үлгі боларлықтай. Шаруашылықтың барлық жұмысын ағайынды Әлібек пен Зерек бірлесіп жүргізіп келеді. Әлібек егін шаруашылығын өркендетіп, малдың қыстық азығын молынан дайындауға күш салса, Зерек ауылдың жанындағы тауарлы-сүт фермасында сауынды сиырдың басын көбейтіп, одан алынған сүтті аудан орталығындағы сүт өңдеу зауыттарына өткізеді. Сонымен бірге, мал бордақылаумен де тұрақты айналысады. Бірлесіп көтерген жүктің жеңіл болатынын бұрыннан-ақ пайымдаған ағайынды азаматтар кесе-көлденең кездескен проблемаларды да ақылдаса отырып шешуді әдетке айналдырған.
Шаруашылықта ағайынды азаматтар – Фархат, Нұрхат және Азамат Қуантаевтар 10 жылдан бері механизатор болып тұрақты жұмыс істейтіндерін сөз арасында айтып қалды. Бір жағынан олардың тірлікке төселіп қалғандары ширақ қимылынан көрініп-ақ тұр.
-Қазір біздің егін орып жатқан жеріміз Диқан ауылының күншығыс жағында орналасқан 30 гектар жаздық арпа алқабы. Егін орағына кіріскенімізге бір аптадай уақыт болды. Шамамен 60 гектардай жаздық арпа алқабын орып үлгердік. Түсім жаман болмайтын сияқты. Алдыңғы орылған алқаптардан 20 центнерге дейін өнім жиналу үстінде.
Бір айта кетерлігі, біз шаруашылықтағы көктемгі және күзгі дала жұмыстарының барлығын ағайынды азаматтармен бірге атқарамыз. Күзде жерді аударып, өңдеген кезден бастап, көктемде қай алқапқа қандай дақыл егілді және оның шығымы қалай болды. Барлық процес көз алдымыздан өтеді. Сондықтан қай алқаптан қаншалықты өнім алынатынын алдын ала шамалауға мүмкіндік бар. Еңбегімізге төленетін жалақының көлемі де көңіл қуантады. Науқандық жұмыстарды атқару кезінде өнімділікке қарай мол табыс табамыз, – дейді шаруашылықтың аға механизаторы Фархат Қуантаев.
«Не ексең, соны орасың» деген. «Әлібек» шаруа қожалығы алдыңғы жылдары егістіктен биылғыдай мол өнімге қол жеткізген болатын. Сол тұста жаздық арпа алқабының әр гектарынан 20-25 центнерге дейін өнім алғаны жөнінде жоғары көрсеткіш тіркелгені белгілі. Шаруашылықта осының есебінен кейінгі жылдары жаздық арпаның алқабын 300 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туып отыр. Егістік алқаптарға жаздық арпадан бөлек, күздік бидай, мақсары және мал азығына бірнеше гектар жоңышқа егіледі. Аталған шаруашылық тұқымның сапасын тұрақты түрде жақсартып отыру мақсатында осыдан бірер жыл бұрын Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы «Красныйводопад» аталатын тұқым шаруашылығынан арпаның «Бәйшешек» жоғары репродукциялы элиталы тұқымын әкеліп, алқаптарға жерсіндірген болатын. Нәтиже де жаман болған жоқ. Олар кейіннен де сол тұқымды ауыспалы тәсілмен жаңартып егу үстінде.
«Әлібек» шаруа қожалығы негізінен иелігіндегі егістік жерлерді «Беларус», «МТЗ» маркалы бірнеше дана доңғалақты трактормен, «Енисей» маркалы екі комбайн, шөп оратын және шөп тайлайтын, тағы да басқа ауыл шаруашылығына қажетті қосалқы агрегаттармен тиімді игеруге күш салуда. Шаруашылық бірнеше жыл бұрын лизинг жүйесімен бір дана «Беларусь» тракторына қол жеткізсе, кейіннен тағы бір жаңа тракторды жеке қаражатқа сатып алғандарын айтады. Шаруа қожалық басшысы, істің көзін таба білетін азамат Әлібек Қалдарбеков егістік жердің көлемін ұлғайтудан бөлек, малдың басын асылдандыруды да көздеп отырғанын жеткізді. Мүмкіндік болса, шаруа қожалықты тұқым шаруашылығына айналдырмақ ойы бар. Ол үшін мұнда қажетті мүмкіндіктердің мол екенін де байқалады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.