Біз кз

Су құбыры жаңартылып, ел игілігіне берілді

Су – тіршілік көзі. Сондықтан да таза, әрі сапалы суды тұтынудың маңыздылығын айтпаса да белгілі. Жасыратыны жоқ, ауданымыздағы көптеген елді мекендердегі ең өзекті мәселелердің бірі халықты таза ауыз сумен қамту. Сонау кеңес заманынан мұраға қалған су жүйелері қазіргі таңда тозығы жетіп, қараша жұрттың мұңына айналғаны бар. Дегенмен, мемлекетік бағдарламалардың нәтижесінде ауылдардағы сумен қамту жүйесі біртіндеп жаңартылып келеді. Соның бір дәлелі – Степной ауылында жаңа сумен қамту жүйесінің құрылысы.
Степной ауылында тереңдігі 90 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланған. Ал, су қабылдағыш нысанның өзі ауылдың сыртында орналасқан. Жалпы, нысанда 300 текше метрлік екі резервуар, сусорғыш станса, ультракүлгін сәулелерімен залалсыздандыру ғимараты және 100 текше метрлік су кернеуіш мұнара орнатылған. Ал, жарық сөніп қалса, дизельдік электрстанса жұмысты тоқтатпауға мүмкіндік береді. Орталықтандырылған су құбыры 600-ден астам абонентке қызмет көрсетуді бастамақ. Мердігер «Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ендігі кезекте су жүйесі «Қордай су» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағына беріліп, кәсіпорынға жүйені күтіп-ұстау, төлемдерді жинау міндеті жүктелмек. Ауыл тұрғындары бұл жағымды жаңалыққа дән риза.
Республика күніне орайластырылып ұйымдастырылған ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов, аудандық мәслихат депутаты Ғабиден Тұлақбаев, ауыл тұрғындары қатысты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту тапсырмасын орындау мақсатында осы нысанның құрылысы аяқталды. Мұны ауыл жұрты көптен күткенін білеміз, – деген Бақыт Оңласынұлы аудан әкімі Бегзат Болатбековтың сәлемдемесін де жеткізді.
– Біздің ауылдағы ауыз су құбырлары Кеңестік заманнан жаңартылмаған. Президентіміз халықты сапалы ауыз сумен қамту керек дегені өте орынды. Сол тапсырманың орындалып жатқанының куәсі болып отырмыз. Таза су – денсаулық кепілі. Ауыл тұрғындарын құттықтаймын, – дейді ауыл ақсақалы Тілеужан Түстікбаев.
Ақсақалдар батасын беріп, лентасын қиған кезде ақ жаулықты аналар дәстүрге сай шашу шашып, жиналған көпшілік нысанның ішіне кіріп, танысты.
Мердігер өкілі символикалық түрде су құбырының бұрылғысын бұрап, ауыл жұрты 90 метр тереңдіктен шыққан мөлдір судың дәмін татты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.