Биыл еліміздің мәслихаттарының тарихының бастау алғанына отыз жыл толып отыр. Тарихи қысқа мерзім ішінде, яғни, 30 жылда, мәслихаттың барлық депутаттары өңірдің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып, Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық жоспарларды іске асырудағы жетістіктерге байланысты болған көптеген маңызды шешімдер қабылдап, өз үлестерін қосып келеді.
Сарыкемер ауылы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты шара болып өтті.
Оған аудандағы барлық шақырылымындағы мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, ауыл, ауылдық округ әкімдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мекеме қызметкерлері қатысты. Салтанатты шараның шымылдығы Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай, арнайы әзірленген бейнероликпен ашылды.
Мұнан соң, Жамбыл облысы мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев, аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудандық мәслихаттың І-ші, ІІ-ші және ІІІ-ші шақырылымының хатшысы Тілеуқұл Абдуалиев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына үлесін қосқан бұрынғы және қазіргі шақырылымындағы мәслихат депутаттары «Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды.
Салтанатты жиын соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертпен жалғасын тапты. Әсем әндер мен күмбірлеген кеш қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап жатты.