2026 жылғы 18 ақпанда «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік: отбасы, мектеп, қоғам» атты облыстық ата-аналар форумы өтті. Ауқымды іс-шараға облыс аумағындағы мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп және колледж директорлары, білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеттері қатысты.
Форум жұмысына арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбутәліп Мүтәлі мен Ескендіров Мұқаш Зұлқарнайұлы, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемов, сондай-ақ құқық қорғау және адам құқықтарын қорғау саласының өкілдері болды.
Іс-шараның модераторы – Нұрбек Әбубекұлы Оршыбеков форумның маңыздылығына тоқталып, бала тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Жиын «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әзірленген бейнероликті тамашалаумен басталды. Бейнероликте құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметпен қарау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен қамтылды.
Алғашқы сөз Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемовке берілді. Ол өз сөзінде жас ұрпақтың сапалы білім алып, қауіпсіз ортада тәрбиеленуі – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Келесі сөз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбутәліп Мүтәліге беріліп, ол ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бала құқығын қорғау мәселелеріне тоқталды.
Форум барысында бала құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг пен интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Тілешұлы Қуанышев ата-аналардың бала тәрбиесіндегі конституциялық құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен баяндады.
Сондай-ақ, облыс прокурорының кәмелетке толмағандар істері бойынша аға көмекшісі Данияр Валиханұлы Кемелхан құқықтық профилактика шаралары туралы айтып, жасөспірімдер арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Форум аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен әзірленген арнайы профилактикалық фильм көрсетілді. Бұл фильм балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
Жамбыл облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Ақбалтаұлы Абдикаримов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталып, ата-аналармен бірлескен профилактикалық іс-шаралардың нәтижелерімен бөлісті.
Балалардың психологиялық саулығы мәселесі де назардан тыс қалмады. Облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы Айгерім Қошқарбекқызы Исмаилова жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлық пен буллингтің алдын алу шаралары туралы баяндады.
Сонымен қатар, облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Назима Норманбекқызы Жұбандықова ата-аналар қауымдастығының тәжірибесімен бөлісіп, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Форум соңында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, ұсыныстар мен бастамалар айтылды.
Іс-шара қорытындысында бала тәрбиесінде отбасы, мектеп және қоғам арасындағы өзара байланыс пен жауапкершілікті арттыру қажеттігі тағы бір мәрте атап өтілді. Форум аясында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар өңірдегі тәрбие жұмысының сапасын арттыруға, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.