Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыружүйесі Қазақстандағы медициналық көмектің негізгі қаржылық тетігіне айналып келеді. Былтыр Мемлекет басшысы МӘМС Заңына бірқатар өзгерістер енгізгені белгілі. 2026 жылдан бастап бұл жүйеге маңызды өзгерістер алып келді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Жамбыл облысы бойынша филиалы директоры Ғайни Аймағанбетова жаңа заңнамалық түзетулердің мәні, әлеуметтік осал топтарды қамту, жарна төлеу тәртібі және медициналық қызметтердің қолжетімділігі туралы айтып берді.
– Ғайни Төленқызы, 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде қандай негізгі өзгерістер енгізілді?
– 2026 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік осал топтарды жүйемен барынша қамту. Сонымен қатар МӘМС жүйесінің қаржылық тұрақтылығын күшейтуге бағытталған жаңа тетіктер қарастырылды. Мысалы, 2026 жылдан бастап әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейде бағаланатын азаматтардың МӘМС жүйесіне қатысуы кеңейтіледі. Республика бойынша бұл санатқа жататын шамамен 1 миллион азаматтың жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Жамбыл облысында D және E санатындағы азаматтар саны 58 мыңың шамасынқұрайды. Сонымен қатар өңірде ресми тіркелген жұмыссыздар саны 14 мыңнан асады. Енді бұл азаматтар медициналық көмекке жүгінген кезде олардың МӘМС жарналары жергілікті атқарушы органдардың есебінен төленеді.
– Бұл өзгерістер жергілікті билікке қандай міндет жүктейді?
– Жаңа өзгерістерге сәйкес, әкімдіктердің халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытындағы жауапкершілігі артады. Өйткені ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жарна төлеу шығыстары да жергілікті бюджеттерге жүктеледі.
– Қазір мемлекет қай санаттағы азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейді?
– Қазіргі уақытта әлеуметтік жағынан осал топқа кіретін 15 санаттағы азаматтар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Олардың қатарына балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, бала күтіміндегі ата-аналар, мүгедектігі бар адамдар, студенттер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, көпбалалы аналар және басқа да санаттар кіреді.
— Жаңа заңға сәйкес, уақытша қиындыққа тап болған азаматтардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесін сақтау мерзімі ұзартылған екен. Осы турасында айтып берсеңіз?
– Иә, МӘМС заңыңа енгізілген өзгерістерге сәйкес, соңғы 5 жыл бойы үздіксіз жарна төлеп келген азаматтар уақытша төлем жасай алмаған жағдайда да сақтандырылған мәртебесін 6 ай бойы сақтай алады. Бұған дейін бұл мерзім 3 ай болатын. Бұл уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарды қолдауға бағытталған маңызды әлеуметтік шешімдеуге болады.
– Жалпы МӘМС жүйесі қандай медициналық қызметтерді қамтиды?
– МӘМС пакеті азаматтарға жоспарлы медициналық көмектің кең спектрін ұсынады. Оған бейінді дәрігерлердің қабылдауы, зертханалық талдаулар, УДЗ, рентген, КТ, МРТ сияқты диагностикалық зерттеулер, күндізгі және тәулік бойғы стационарлық ем, жоспарлы және жоғары технологиялық операциялар, сондай-ақ медициналық оңалту мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді.
– Ал сақтандырылмаған азаматтар қандай медициналық көмекті ала алады?
– МӘМС жүйесіне кірмеген азаматтар үшін Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі сақталады. Бұл пакет аясында жедел жәрдем, шұғыл операциялар, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, онкологиялық скринингтер және паллиативтік көмек көрсетіледі.
– Жалпы МӘМС жүйесінің басты мақсаты қандай?
– МӘМС – ынтымақтастық қағидатына негізделген жүйе. Жарналар жеке шотта жиналмайды, барлығы бірыңғай қорда жинақталып, медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтерге жұмсалады. Бұл жүйе қымбат ем мен күрделі операциялардың барлық азаматтар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
—Ал ресми жұмыссыз азаматтар қалай сақтандырылған мәртебесін ала алады?
— Егер азамат ресми түрде жұмыс істемесе және МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болса, енді мәртебені алу жолы жеңілдетілді. Бұрын «сақтандырылған» мәртебесі соңғы 12 ай бойы жарналар толық төленген жағдайда ғана берілетін. Егер осы кезеңде бір айға да жарна төленбесе, қарыз туып, оны өтеуге тура келетін. Ал қазір МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, өткен жылдың қарызын өтемей-ақ, алдағы бір жылға сақтандырылу мәртебесін алуға болады.
Негізгі талаптар:
Төлем тәсілдерін де айта кетейін, жарналарды банк кассалары, мобильді қосымшалар, төлем терминалдары және Қазпошта бөлімшелері арқылы төлеуге болады. Бұл МӘМС жүйесінде жаңа қатысатын азаматтарға медициналық көмекті үздіксіз әрі тиімді алуға мүмкіндік береді.
— Ғайни Төленқызы, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!