2025 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейту мақсатында әзірленді. Заңның қабылдануы зияткерлік меншікті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғыртудағы маңызды қадам болды. Құжат авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, тауар белгілері мен патенттеу саласындағы негізгі нормаларды нақтылауға, сондай-ақ құқықтарды ұжымдық басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа реттеу тетіктерін енгізуге арналған.
Енді көру қабілеті нашар адамдар кітаптарды және басқа да шығармаларды автордан арнайы рұқсат алмай-ақ, ақы төлемей оқуға, тыңдауға және таратуға мүмкіндік алады. Бұл олардың білім мен ақпаратқа қолжетімді болуына көмектеседі.
Тауар белгісін тіркеу де жеңілдетілді. Бұрын тауар белгісін тіркеу шамамен 7 айға созылатын. Енді ақылы түрде жедел тіркеу мүмкіндігі бар, соның арқасында тіркеу 3 айда аяқталады. Бұл кәсіпкерлерге өз өнімін нарыққа тез шығаруға жол ашады. Сонымен қатар, тауар белгісіне қатысты шағым беру уақыты ұзартылды. Бұрын 1 ай ғана болса, енді 2 ай ішінде шағымдануға болады.
Заңда құқықтарды ұжымдық басқаруды цифрландыруға ерекше назар аударылған. Ол үшін бұл жүйе цифрландырылып, құқықтарды ұжымдық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформа (БЦП) енгізілді. Платформаны енгізу ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың қызметін ашық етеді. Бұл ретте, енді авторлармен шарт жасасудан бастап, сыйақыны төлеуіне дейінгі барлық үдерістер айқын болады. Авторлар мен құқық иеленушілерге қолжетімділік беріліп, бұл өз кезегінде, ұжымдық құқықтарды басқару жүйесіне деген сенімді арттырады.
БЦП-ны енгізу үш кезеңде жүзеге асырылады:
Бірінші кезең (2026 жылғы 23 қаңтардан бастап) – эфирлік және кабельдік хабар таратушы ұйымдарды қосу. Бұл кезеңде радиостанциялар, телерадиоарналар, кабельдік операторлар және спутниктік провайдерлер арқылы шығармаларды пайдалану есебі жүргізіледі.
Екінші кезең (2026 жылғы 1 шілдеден бастап) – театрлар, кинотеатрлар және филармонияларды қосу. Бұл концерттік және сахналық қызмет саласында шығармаларды пайдалануды есепке алуға мүмкіндік береді.
Үшінші кезең (2027 жылғы 1 қаңтардан бастап) – өзге де барлық пайдаланушыларды қосу. Олардың қатарына кафе, мейрамханалар, барлар, концерт залдары, сауда орталықтары, қонақ үйлер және онлайн-платформалар жатады. Осылайша, платформа ел аумағындағы шығармаларды пайдаланудың толық циклін қамтиды.
Ғалымжан Қуатбеков,
Жамбыл облысы Әділет департаментінің бас маманы.