Біз кз

Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды

Жамбыл облысында мемлекеттік қызмет саласындағы тәртіптік тәжірибені жетілдіру, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте, 2025 жылы мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының қызметіне жүргізілген кешенді талдау бірқатар өзекті мәселелердің бар екенін көрсетті.

Атап айтқанда, талдау барысында жекелеген мемлекеттік органдарда тәртіптік өндіріс жүргізу кезінде қолданыстағы заңнама талаптарының толық сақталмайтыны анықталған. Соның ішінде, қызметтік тергеп-тексеру жүргізу қажеттілігі туындаған жағдайларда тиісті рәсімдердің орындалмауы және қызметшілерді негізсіз тәртіптік жауапкершілікке тарту фактілері орын алған.
Осындай мысалдардың бірі Қордай ауданына қарасты Отар ауылдық округінде тіркелді. Ауылдық округ әкімінің 2025 жылғы 11 қарашадағы №79 ө-ж/қ өкімімен округ әкімі аппаратының бас маманы С.Н. Аршабековаға «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Алайда, зерделеу барысында аталған шешімнің заң талаптарына толық сәйкес келмейтіні анықталды.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметші өз тарапынан берілген жазбаша түсініктемесінде орын алған жағдайды сипаттаумен ғана шектеліп, тәртіптік теріс қылықпен келісетінін немесе келіспейтінін нақты көрсетпеген. Бұл өз кезегінде қызметшінің ұстанымын толық айқындауға мүмкіндік бермейді және қосымша рәсімдерді қажет етеді.
Қолданыстағы қағидалардың 35-тармағына сәйкес, егер мемлекеттік әкімшілік қызметші тәртіптік теріс қылық фактісімен келіспейтінін білдірсе немесе оның ұстанымы нақты айқындалмаса, онда міндетті түрде қызметтік тергеп-тексеру жүргізілуі тиіс. Мұндай тексеру барлық мән-жайды жан-жақты, объективті және әділ қарауға бағытталған маңызды рәсім болып табылады.
Дегенмен, аталған жағдайда бұл талаптар сақталмаған. Ауылдық округ әкімі аппаратының жауапты қызметшілері тарапынан қызметтік тергеп-тексеру жүргізу мәселесін қарау үшін аудан әкімі аппаратына тиісті ұсыныс енгізілмеген. Соның салдарынан қызметшіге қатысты шешім жеткілікті зерделеусіз қабылданған.
Жүргізілген талдау нәтижелері көрсеткендей, мұндай кемшіліктердің туындауына көбіне жауапты тұлғалардың қолданыстағы заңнаманың талаптарын толық әрі дұрыс түсінбеуі, сондай-ақ тәртіптік рәсімдердің маңыздылығын жеткілікті деңгейде бағаламауы себеп болып отыр.
Аталған мәселе Жамбыл облысы мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссияларының 2025 жылғы жұмыстарының қорытындылары қаралған Әдеп жөніндегі кеңес отырысында жан-жақты талқыланды. Кеңес мүшелері әрбір тәртіптік істі қарау кезінде заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша, Қордай ауданы, Отар ауылдық округінің әкіміне С.Н. Аршабековаға қатысты қолданылған «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны жоюға бағытталған нақты шаралар қабылдау ұсынылды.
Осылайша Әдеп жөніндегі кеңестің араласуымен мемлекеттік қызметшіге заңсыз берілген тәртіптік жаза күшін жойып, оның құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді.
Жалпы, мұндай талдау және қарау жұмыстары мемлекеттік қызмет жүйесінде заңдылықты нығайтуға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ тәртіптік рәсімдердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды тетік болып табылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.