
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында азаматтар күндізгі стационарда тегін медициналық көмек ала алады. Мұнда науқастар дәрігердің бақылауымен ем-дом, процедуралар, дәрілік терапия және қажетті тексерулер жүргізіледі. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының хабарлауынша, күндізгі стационарға жолдаманы учаскелік дәрігер немесе бейінді маман береді. Ем алу үшін науқастың МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет.
Бұл қызмет әсіресе ұзақ уақыт бақылауды қажет ететін, бірақ тәулік бойы ауруханада жатуды талап етпейтін жағдайларда тиімді. Күндізгі стационарда ем қабылдау науқасқа үйіне қайтып, қалыпты өмір салтын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Тараз қаласының тұрғыны Гүлмира Мамырова өзі тіркелген №5 қалалық емхананың күндізгі стационарында ем алып жатыр. Дәрігерлер оған омыртқа остеохондрозы диагнозын қойған.
Пациенттің айтуынша, омыртқааралық дискілердің қысылуы қозғалысын шектеп, қатты ауырсыну сезімін тудырған. Осыған байланысты ол тіркелген емханасына жүгініп, дәрігердің жолдамасымен күндізгі стационарға жатқызылған.
Күндізгі стационардың терапевт дәрігері Салтанат Балгараева пациентке клиникалық хаттамаға сәйкес ем тағайындағанын, қазіргі уақытта қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
Айта кетейік, пациентке барлық ем-шара МӘМС жүйесі аясында көрсетілуде.