
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 мекемесіне жаңа басшы тағайындалды. Әділет полковнигі Ермек Джалгасбаев ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол арнайы контингент өкілдерімен жұмыс істеуде мол тәжірибе жинақтаған. Әр жылдары түрлі лауазымдарда абыройлы еңбек еткен Ермек Жармухамбетұлы жаңа тағайындауға дейін Павлодар облысында жұмыс істеген.
Жаңа басшыны жеке құрам қызметкерлеріне таныстыру барысында өңірлік ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Қайрбек Ильясов қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мекеме ішіндегі түрлі құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жүйелі тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Қайрбек Есентайұлы өз сөзінде сотты болғандарды қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмысты күшейтуді, жеке құрамның әлеуетін адалдық пен ұжымдық жауапкершілік құралы ретінде белсене пайдалануды тапсырды.