
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл – «Наурызнама» жалпыұлттық онкүндігінің жетінші күні. Атаулы күн ептілік пен төзімділікке баулитын, күш пен рух беретін ұлттық спорт түрлерін ұлықтауға арналады. Ал ұлттық ойындар – атадан балаға қалған мәдени мұра, бүгінгі қоғам өмірінің маңызды бөлігі.
Ұлттық спорт күнінде Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінде басшы және жеке құрам қызметкерлері арасында ұлттық спорт түрлерінен шара ұйымдастырылды. Мәселен, бұл күні ҚАЖ қызметкерлері гір тасын көтеру, арқан тарту, ләңгі тебу, садақ ату мен асық ойнау сынды ойындарда өзара кім мықтыны анықтады. Жалпы, шараға мекемедегі нәзікжанды арулар да белсене қатысты.
– Наурызнама аясында өткізілетін спорттық іс-шаралар саламатты өмір салтын насихаттауға, ұлттық спорт түрлерін дамытуға және қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталды. Мерекелік жарыстар дәстүрлі түрде көктемгі жаңару мен бірлік мерекесінің маңызды бөлігіне айналуда. Бұл күн халықтың тарихи мұрасын жаңғыртып, мәдени құндылықтарды дәріптеп, қоғамды бірлікке және белсенді, салауатты өмір салтын ұстануға үндейді, – делінген ақпаратта.