Қазақстанның саяси жүйесі кезекті жаңғыру кезеңіне қадам басты. 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – заң шығарушы билікті жетілдіруге бағытталған маңызды саяси реформалардың бірі. Бұл өзгеріс қос палаталы модельден ықшам әрі тиімді бір палаталы жүйеге көшуді көздейді.
Бүгінде Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Жаһандық сын-қатерлер мен жаңа талаптар мемлекеттік басқару жүйесін үздіксіз жетілдіруді қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай – уақыт талабынан туындаған заңды әрі қажетті қадам. Бір палаталы жүйе заң жобаларын қарау үдерісін оңтайландырып, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Құрылтайдың болашақта еліміздің жоғары заң шығарушы әрі заманауи мемлекеттік институтына айналуына негіз бар. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әр мемлекет өзінің тарихи дамуына, мемлекеттік құрылымына және саяси ерекшеліктеріне сай парламенттік жүйесін қалыптастырады. Бірыңғай әмбебап модель жоқ. Қазақстан да тәуелсіздік жылдары бірнеше даму кезеңінен өтті. Алғашқы жылдары мемлекеттіліктің негіздері қаланса, кейін мемлекеттік институттарды нығайтуға басымдық берілді. Ендігі кезеңнің басты міндеті – тиімді, ашық әрі жауапты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру. Осыған байланысты бір палаталы Құрылтайға көшу – бұрынғы тәжірибеден бас тарту емес, керісінше, жинақталған тәжірибені жаңа жағдайға бейімдеп, заң шығару қызметінің сапасын арттыруға бағытталған эволюциялық реформа. Өйткені заң шығарушы органның тиімділігі палаталардың санымен емес, қабылданатын заңдардың сапасымен, депутаттардың кәсіби деңгейімен, қоғамдық пікірдің ескерілуімен және қабылданған шешімдердің ашықтығымен өлшенеді. Бұл – жай ғана кезекті сайлау емес. Жаңа Конституциялық өзгерістер негізінде қалыптасатын алғашқы өкілді органды сайлау ретінде оның тарихи маңызы ерекше. Сондықтан әрбір азаматтың таңдауы елдің болашақ даму бағытына тікелей ықпал етеді. Мемлекет басшысы заң шығару үдерісінде қоғамдық талқылауды кеңейтіп, цифрлық технологиялар арқылы азаматтардың қатысуын арттырудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Азаматтардың рөлі енді тек дауыс берумен ғана шектелмей, заң жобаларын талқылауға қатысу, ұсыныстар енгізу және сайланған депутаттардың жұмысына қоғамдық баға беру арқылы күшейе түседі. Сондықтан 23 тамыздағы Құрылтай сайлауы – жаңа заң шығарушы органды қалыптастыру ғана емес, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мәдениетін жаңа деңгейге көтеретін маңызды саяси кезең. Оның нәтижесі қабылданатын заңдардың сапасына, мемлекеттік шешімдердің тиімділігіне және қоғамның билікке деген сенімінің нығаюына тікелей ықпал етеді.
Нүрила МӘЛІБЕКОВА, «Nur-Ai» ЖК-нің басқарушысы, «Topjargan»ЖШС-ның орындаушы дриекторы. Жуалы аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, көп балалы ана.