Тараз қаласындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығында жүрегінде туа біткен ақауы бар небәрі 9 күндік нәрестеге күрделі ота жасалды.
Нәрестеге магистральді артериялардың транспозициясы диагнозы қойылған. Бұл – жүректің туа біткен ауыр ақауларының бірі. Мұндай жағдайда баланың өмірін сақтап қалу үшін хирургиялық араласуды өмірінің алғашқы күндерінде жасау қажет.
Күрделі отаны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас балалар кардиохирургі Дмитрий Горбунов пен Жамбыл облысының штаттан тыс бас балалар кардиохирургі Икромжон Мухамедов сәтті орындады.
Айта кетейік, Жамбыл облысында жыл сайын 200–250 баладан жүректің туа біткен ақауы анықталады. Олардың ішінде 15–20 нәресте өмірінің алғашқы күндерінен бастап шұғыл медициналық көмекті қажет ететін ауыр жүрек ақауларымен дүниеге келеді.
Мұндай күрделі оталар жоғары технологиялық медициналық көмектің (ЖТМК) маңызды бөлігі болып саналады.
Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған.