Біз кз

ӘР АДАМНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН БОСТАНДЫҒЫ – ЗАҢ ҚОРҒАУЫНДА

Әрбір адам дүниеге келген сәттен бастап өмір сүруге, еркіндікке және жеке басының қауіпсіздігіне құқылы. Бұл құқықтар Қазақстан Республикасының Конституциясымен қорғалады. Сондықтан әр азамат өзінің құқықтарын біліп қана қоймай, оларды құрметтеп, заң талаптарын сақтауы қажет.

Ата Заңның 18-бабында әр адамның жеке бас бостандығы мен оған қол сұғылмау құқығына кепілдік берілген. Бұл – ешкімнің адамды негізсіз ұстауға, оның еркіндігін заңсыз шектеуге құқығы жоқ деген сөз. Адамды ұстау мен қамауда ұстау тек заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылуы тиіс. Ал күзетпен ұстауға соттың шешімімен ғана жол беріледі.

Сонымен қатар адам ұсталған жағдайда оған мұның себебі түсіндіріліп, заңмен көзделген құқықтары хабарлануы керек. Әр азаматтың адвокат көмегіне жүгінуге де құқығы бар. Яғни, қандай жағдай болмасын, адамның құқығы мен бостандығы заң аясында қорғалуы тиіс.

Меніңше, құқықтық сауаттылық – әрбір азаматқа қажет қасиет. Өз құқығын білетін адам әділетсіздікке жол бермейді, заңсыз әрекетке қарсы тұра алады және қажет кезде өзін қорғай біледі. Дегенмен, өз құқығымызды талап етумен қатар, айналамыздағы адамдардың да құқықтарын құрметтеуді ұмытпауымыз керек.

Әсіресе, жас ұрпақтың бойына заңға құрмет, әділдік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруде аға буынның рөлі ерекше. Біз жастарға тек жақсы тәрбие беріп қана қоймай, олардың өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне де бағыт-бағдар көрсетуіміз қажет. Өйткені құқықтарын білетін, заңды құрметтейтін ұрпақ – елдің ертеңгі тірегі.

Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықтың негізі – заңға деген құрмет. Заң баршаға бірдей қызмет етіп, әр адамның құқығы қорғалған жағдайда ғана халықтың мемлекетке деген сенімі артады. Ал өзара сыйластық, әділдік пен жауапкершілік орныққан қоғамда бірлік пен татулық та нығая түседі.

Сондықтан Конституцияда белгіленген құқықтарымызды білу, заң талаптарын сақтау және өзгенің бостандығына құрметпен қарау – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.

Біржан Әлімбет,
Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің

төрағасы

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.