Біз кз

«Казфосфаттың» түтіні қаншалықты зиян?

Тараз қаласының тұрғындары кешкі уақытта белгісіз түтіннің «құрсауында» қалды. Мұндай жағдай осыдан үш күн бұрын да орын алған болатын.

Қаланың батыс аумағында орналасқан «Казфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытының құбырынан шыққан қою түтін бірнеше уақыт ауада тұнып тұрды.

Бүгін де сол жағдай қайталанып, қала тұрғындары түрлі әлеуметтік желілерде алаңдаушылық танытып, тиісті азаматтарға сұрау салған болатын.

Жұртты дүрліктірген бұл жағдайға байланысты облыс әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Асқарұлы өзінің Фейсбуктегі ресми парақшасында түсініктеме берді.

«Бүгін сағат 20.00-де «Казфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытында бір реттік түтін шығарылымы орын алды.

Алдын ала жүргізілген талдаулардың нәтижесі бойынша фтор қосылыстарының шамалы жоғарылағаны байқалады.

Қазіргі уақытта минералды тыңайтқыштар зауыты мен қаланың санитарлық шекарасында азот секілді басқа заттардың көбеюі анықталмаған.

Облыс әкімінің тапсырмасымен экологтар, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және басқа да жауапты тұлғалардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет басқарады.

Қазіргі уақытта басқа да аймақтарда зерделеу жұмыстары жалғасуда.

Тұрғындардан сабыр сақтап, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз» делінген онда.

Ал облыс әкімінің кеңесшісі Нұр-Мұхаммед Ниязбеков: «Қазіргі уақытта экологтар «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауытының санитарлық шекарасында өлшеу жүргізді. Сүлейменов көшесінің соңында, Сәтпаев көшесінің бойында және Шайқорық елді мекенінде азот диоксидінің шамадан артуы анықталған жоқ.
Фторлы қосылыстар бойынша аздаған ұлғаю бар.  Ол санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының ақпараты бойынша адамдардың өміріне қауіп төндірмейді» деп жазады.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.