Біз кз

Әкімі екі сөзді, мәслихаты «жігерсіз»

Халықтың сөзін, елдің жайын билікке жеткізу, биліктің шешімін халыққа дұрыс жеткізу мақсатында әрбір мәслихаттың жанынан Қоғамдық кеңестер құрылған. Ондай кеңес республикалықтан бастап, аудандық деңгейге дейін бар.
Өкініштісі, халықтың сөзін сөйлеуә тиіс кеңестің құрамын билік «өз адамдарымен» жасақтап алатыны бар. Мұндай жағдайға көпшілік көз жұмы қарайды. Бірақ, назардан тыс қалдырмай, мәселені дер кезінде көтере білетін белсенділер де аз емес. Солардың бірі – Нұр-Мұхаммед Мәделіұлы. Facebook әлеуметтік желісінде Нур Ниязи деген атпен танымал азамат осыған дейін Тараз қалалық мәслихатын сын тезіне алған болатын. Белсендінің бұл жолғы жазбасы Меркі аудандық мәслихаты жанынан құрылған Қоғамдық кеңестегі «келеңсіздікке» арналыпты. Онда аудандық мәслихаттың хатшысы Мұратбек Көкрекбаевтың шешіміне сай жасақталған құрамның «сапасы» сынға алынған.

«Сонымен, 13 адамнан құралған Меркі аудандық Қоғамдық кеңесінде аудан әкімнің орынбасары Берік Бегалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы бар. Сонда қалай? Билік уәкілдерінен қарапайым белсенді бір-екі қызметкер табылмады ма? Аудан әкімі орынбасары Қоғамдық кеңесте қайдан адасып жүр?
Облыстық сессияларда дауыстары шықпайтын облысқа Меркіден сайланған, депутат болғалы 1 сауалдан (соңғы ақпарат сондай еді мәслихаттан) басқа ештемесі жоқ Ерболат Дүйсенқұл мен депутаттық сауалы да, аса бір қатты белсенділігі де байқалмаған Клара Ракаева ханым осы кеңеске еніпті. «Аманат» партиясының Меркі аудандық атқарушы хатшысы Райкуль Сапарғалиева осы кеңеске кіріпті.
Бүкіл Меркі ауданында, қатардағы партиямыздың мүшелері арасынан басқа адам табылмағаны қалай? Міндетті түрде онсыз да қаптаған басшылар арасына, партиямыздан тағы бір басшының барғанынан қоғамға қандай пайда?»

дейді қоғам белсендісі. Сондай-ақ, ол аудандағы қоғам белсенділері, оппозиция өкілдері, бейбіт шеруге қатысушылар, ең бастысы, қоғам атынан билік уәкілдерімен байланыс орната алатын азаматтардың болмағаны ма деп қынжылады. Сондай-ақ, меркіліктер аудандық Қоғамдық кеңесте үміткер болуға мүмкіндіктері бар екені туралы хабардар болған-болмағанына сұрау салады. Мәделіұлының: «Ертең сонда аудан әкімі Руслан Нұрсипатов мырза Қоғамдық кеңесте кімнің алдында есеп береді? Өзінің орынбасарының алдында ма? Жоқ әлде бөлім басшылары мен бюджеттік мекеме қызметкерлері алдында ма? Аудан әкімінің жұмысына аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысының кеңес құрамына кірген ұлы қалай баға береді?» деген сауалына қосылуға тура келеді.
Сан сауалмен қатар, нақты ұсыныстар төңірегінде де аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы ойланулары керек-ақ. Қандай ұсыныс дейсіз ғой: ең бастысы, «Қаңтар қырғыны» кезінде ел мүддесін билікке батыл жеткізе білген белсенділерді де осындай кеңес құрамына қосу. Өйткені, халықтың мәселесін кімнің нақты, батыл айта алатынын сол оқиға айшықтап бергені рас.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.