Біз кз

Қайырымдылық қылсаң, қайырын өзің көресің

Жамбылдың кәсіпкер қыз-келіншектері ерекше бастаманы қолға алды

«Болашаққа үмітпен»

Жамбылдың кәсіпкер келіншектері қамқорлыққа мұқтаж жандарға қолұшын созып, әркез қайырымдылық көрсетіп келеді. Осы ретте облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының атқарып жатқан істері шаш-етектен.
Өңірдің кәсіпкер қыз-келіншектері бұл жолы да ерекше бастаманы қолға алып отыр. Олар көпбалалы және жалғызбасты аналарға, ерекше, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретуді қолға алды.


Тиімді бинесті, бүгінгі таңда сұранысқа ие кәсіптердің негіздерін оқыту арқылы аналарды нәтижелі жұмыспен қамтуды көздеген қауымдастық мүшелерінің жоспарлары көп. Аналарға материалдық көмекпен қатар, психологиялық қолдау көрсету де назардан тыс қалмаған.


«Болашаққа үмітпен» деп аталатын қайырымдылық жобасы бүгіннен бастау алды. Арнайы форум ұйымдастырылып, онда облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, кәсіпкер Меруерт Лештаева, оның орынбасары, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира-Мырза-Ғали құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, бизнесте өз есімдерін қалыптастыра білген кәсіпкер ханымдар – Айнұр Жексембинова мен Лаура Райқұлова форумға қатысушыларды ынталандырып, бағыт берер баяндама жасады.
Ал бала тәрбиесі мен әйелдердің психологиялық жай-күйін қалыпты ұстауға қатысты Назгүл Садырмекова мен Меруерт Өскембаева арнайы сабақ өтті.


Енді алдағы үш күн бойы арнайы курсқа қатысушылар үш бағыт бойынша білім алатын болады. Атап айтқанда, тігін өнері, кондитерлік және мобилография курстарынан өткен аналар алдағы уақытта осы білімдерімен өз бизнестерін бастауға мүмкіндік алмақ.
Оларға Майса Алдабергенова, Балғын Әмірхан және Гүлжан Нұрлыбаева сынды мамандар білім береді.
«Қайырымдылық қылсаң, қайырын өзің көресің» деген ұстанымды ұстанатын Іскер әйелдер қауымдастығы мұндай игі шараларын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.