Біз кз

Сенатор болған Арубаевтың жұмысын Нұржігітов сынға алды

Күні кеше ҚР Сенаторы болып, ант қабылдаған Сәкен Арубаев басқарып кеткен Шу ауданына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тура сол күні жұмыс сапарымен барды. Барудағы мақсат – ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін тыңдап, бағасын беру.
Атқарылған жұмыстар мен 2022-2025 жылдарға арналған Шу ауданының даму жоспарын аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбек баяндады.
Баяндамадан соң облыс әкімі аудан әкімінің өзге де орынбасарлары мен бөлім басшыларын, ауыл әкімдерін сұраққа алды. Кейбір әкімдердің даму жоспарынан әлі күнге хабары жоқтығын сынға алды.
Сондай-ақ, алық түсімдері бойынша көрсеткіштің көңілден шықпайтынын баса айтты.
– Жұмысқа деген көзқарас әлі өзгермеген. Статискалық мәліметтерді айтып, жалпылама жауап беріп үйреніп қалғансыздар. Нақты нәтижені ешкім айтпайды.
Тек мәселе көтермей, оның шешу жолдарын көрсетіп, жұмыс істеңіздер. Сол мәселені шешу бәріміздің міндетіміз.
Кейбір ауыл әкімдері жобаны жақсы білмейді. Басқармамен байланыс жолға қойылмаған. Ол жоспарды білмесеңіздер қалай жұмыс істейсіздер?
Ауданда әлі күнге бірде-бір сүт өңдейтін кәсіпорын жоқ. Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан жауаптылар байқалмайды. Жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерліктердің 900-ге жуығы өз жұмысын тоқтатқан,-деген Нұржан Нұржігітов аудандағы жұмысты «әлсіз» деп бағалады.
Сондай-ақ, инвестициялық жобаларға қатысты: «Бұған дейін айтылған бұл жұмыстар әлі күнге жүйеленбегенін көріп отырмыз» – деді.
Сөйтіп, Шуда өткен жылы атқарылған жұмыстарға нашар баға берген Нұржігітов аудан әкімі орынбасарларының, бірқатар бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінің әлсіз жұмыстарын сынға алып, тәртіптік шара қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Айта кетейік, Сенатор болған Сәкен Арубаевтың орнына Шу ауданына Бақытжан Жәнібеков әкім болып тағайындалды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.