Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы №8 ОМБЖСМ кешенінде ардагерлер арасындағы аудандық спартакиаданың кезекті ойындарының соңғы кезеңі өз мәресіне жетті.
Зейнеткерлік жастан асқан азаматтар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және Жамбыл облысының ардагерлер арасындағы спартакиадасына құрама команда жасақтау мақсатында өткізілген волейбол турниріне барлығы тоқсанға жуық спортшы қатысты.
Спартакиаданың ашылу салтанатынан кейін барлық командалар жоғарыда аталған спорт түрінен тартысты додаға түсіп, тамаша ойын көрсетті.
Күш пен қуатын сынға салып, ептілігімен ерекшеленген ардагерлер сайысы түс ауғанша созылды.
Сайысқа түскен ардагерлер спорттың 9 түрінен кезең-кезеңімен өткен спартакиадада жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Сөйтіп, спартакиаданың жүлделі орындарын өзара бөліскен спортшы ардагерлер облыстық жарысқа жолдама алды.
Жарыс соңында жүлдегерлер мен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тағайындаған медаль, диплом және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.