Байзақ аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде облыс әкімдігі білім басқармасы аудандық білім бөлімі мен «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесіп аудандық «Әкелер форумын» өткізді. Форумда отбасы институтын және әкелердің отбасылық тәрбие берудегі рөлін нығайту, отбасындағы әкенің беделін көтеру мәселесі сөз болды.
Түрлі салалар мен мамандық иелерінен құралған әкелерді бір диалог алаңында жинап, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау, әкелер институтын дамыту, қоғамдағы зиянды әрекеттерден баланы қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында өткен шараның шымылдығы алдымен «Әке» атты қысқаша қойылыммен ашылды. Онда әкенің отбасындағы рөлі, қамқорлығы баяндалды. Бүгінгі таңда жұмыс деп отбасына көңіл бөлуді ұмыт қалдырып жүрген ер азаматтарға ой салатын көріністе жардың, әкенің рөлі, жақындарына қарым-қатынасы қандай болу керектігі тамаша суреттелген. Көріністен кейін жиынның модераторы, аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов сөз алып, қоғамдағы әкенің рөліне, отбасындағы орнына тоқталды.
– Ауданымызда өтіп отырған осы шараның маңызы жоғары. Бала тәрбиесінде ғана емес отбасы құндылығында әкенің орны ерекше. Әке- отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі-баланың көз алдындағы үлгі өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл-береке, ынтымағы үшін отбасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Осы тақырыпты бүгін кеңінен талқылап, арнайы шақырылған спикерлер жан-жақты ашатын болады. Шараға ауданымыздағы 44 мектептің басшылары, ата-аналар кеңесінің төрағалары, соның ішінде белсенді әкелер қатысып отыр. Сонымен қатар аудандық аналар кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері де арнайы шақырылған болатын. Көкейлеріңіздегі сұрақтарыңызды қойып, ашық диалог жасауға атсалысып отыруға шақырамын,-деп әрмен қарай Талғат Салқанұлы спикерлерді таныстырып өтті.
Спикерлер М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Құрметті профессоры, доцент, филология ғылымдарының кандидаты, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы сарапшылар кеңесінің мүшесі Сәрсекүл Исматова «Мейірімді әке үлгісі», «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжанов «Ұрпақ бақытының кепілі – саналы ата-ананың тәрбиесінде», Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі КММ басшысының орынбасары, облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ», Байзақ ауданының ата-аналар қауымдастығы кеңесінің төрағасы Болатбек Басықараев «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыптарында өз тәжірибелері, зерттеулерімен бөлісті.
Ауданымызға қарасты мектептердің оқушылары сахнаға шақырылып, залда отырған әкелеріне жылы сөздерін арнап, әке мен бала арасында жылы диалог орнаса, «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының психолог маманы Марал Хантөреқызы және Ю.Гагарин орта мектебінің психологы Шолпан Садықова әкелермен тренингтер өткізді.
Форум барысында талқыланған тақырыптар аясында Тараз қалалық “Әулие ата” мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев пен облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбеков пікірлерін білдірді.
Жиын соңында бірқатар азаматтарға аудан әкімінің және «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының Алғыс хаттары табыс етіліп, Бурыл ауылындағы Өнер мектебі оқушыларының орындауындағы «Менің әкем ең жақсы адам» әнімен қорытындыланды.
Арайлым НАРБАТЫРОВА, журналист.
Сарыкемер ауылы.