Біз кз

Батагөйлер байқауы

Бас жүлдегер — Күнтуған ата

Өткен сәрсенбі күні аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруы, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ықпалымен «Батаменен ел көгерер» тақырыбында аудандық ақсақалдар байқауы өтті. Байқау ауылдық окургтерден оза шауып, баталы сөзді пір тұтқан, сөздің қадірін жете білген, қастерлеп ерекше мән беретін жастары 63-80 жас аралығындағы 15 ауылдың 15 ақсақалы қатысты.
Байқауды Жамбыл облыстық билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабеков пен аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов құттықтау сөзбен ашып, шешен сөйлеп, жақсы бата беретін, көптің құрметіне бөленген ақсақалдарға аталған байқауда сәттілік тіледі.
– Байқаудың мақсаты – ақсақалдар аузынан шыққан аталы сөзді насихаттау, келешек өскелең ұрпақтың санасына құйып, халқымыздың дәстүрін жалғастыру, асыл қазына саналатын ағаларымыздың бойындағы қасиеттерін дәріптеу арқылы қоғамымызға рузани байлық сыйлау,-дейді ұйымдастырушылар.
Байқау «Таныстыру», «Сұрақтарға жауап беру», «Мақал-мәтелдер айту», «Бата беру дәстүрі» тақырыптары бойынша өтті.алдын ала айтатынымыз таныстырудан басқасы ЛЕД экрандағы ұяшықтардан ақсақалдар өздері таңдаған сандар бойынша түскен сұрақтарға жауап беріп отырды.
Алғашқы таныстыру сәтінен бастап-ақ түймекенттік қария Күнтуған Ақназаров өзінің білімді, басқа қариялармен салыстырғанда өзін еркін ұстайтын, көп білетін азамат екендігін байқатты. Ардагер ұстаз, ақын ағамыздың өзін өлең жолдарымен таныстыруы да сәтті шықты.
Ұяшықтағы сандар арқылы тұрмыс, салт-дәстүр тақырыптары, мақал-мәтелді тақырыпқа сай айту, ас қайыруға, жас жұбайларға, шілдеханада, тұсау кесуде, қыз ұзатуда, жаңа үйге кіруде тағы басқада қуаныштарға сәйкес бата беруде оңайға түскен жоқ. Мұнда да өзіне тән тақырып бойынша мүдірмей жауап беріп жатқан ақсақалдар болғанымен, өз сұрақтарынан ауытқып, асып-сасып жатқан қарияларымыз да болғанын жасыруға болмас. Дегенмен көп алдына шығып, тосыннан қойылған сұрақтарға дәл жауап беріп мол ұпай жинау да оңай болмады. Солай болғанымен ауданымызда кеудесі қазынаға, көңілі мақал-мәтелге, өсиетке толы қарттарымыздың бар екені бізге қуаныш сыйлады. Ал мұндай қарттарымыздың көбісінің әр ауылда белсенділік танытып, қоғамға мол пайда келтіріп жүргеніне ризашылық білдіреміз.
Екі сағаттан аса уақытқа созылған ақсақалдардың бата беру байқауы арасында аудандық мәдениет үйінің әншілері мен «Асыл әжелер» тобы бірнеше әндер айтып, байқауға қатысушы қариялардың да, көрермен қауымының да көңілін көтеріп отырды. Байқауға аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, ауданымыздың Құрметті азаматы Жұманғали Құмғанбаев басқарған ауданымызға танымал азаматтар қазылық етті. Оның қорытындысында белгілі ақын Қасқырбай Нарбатыр сөйлеп, байқаудың жоғарғы дәрежеде өткеніне тоқталып, оған қатысқан барлық қарияларға алғысын білдірді. Ал мұндай тәлім-тәрбиелік мәні бар шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба берсе деген тілегін жеткізді.
Байқау қорытындысы бойынша басқа қарияларға қарағанда мол ұпай жинаған Түймекент ауылынан келген 75 жасар қария Күнтуған Ақназаров бас жүлдені жеңіп алып, облыстық ардагерлер байқауына қатысуға жолдаманы жеңіп алды. Ал Ақжар ауылынан келген Ертай Тазабеков бірінші, Абай ауылынан келген Сәрсенбай Қалқожаев екінші орынды иеленді. Екеуі де бірдей ұпай жинаған бурылдық Досқали Садықов пен дихандық Ерназар Монтыбаев жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті. Оларға байқауды ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар, ақшалай және заттай бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал қалған барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар берілді.
Байқауға қатысушылар атынан К.Ақназаров байқауды ұйымдастырушыларға алғысын айтып, батасын берді.
Байқау барысында өздерінің ардагерлерін қолдап, оларға демеуші болып келген ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағалары, ауыл қариялары да болғанын айта кеткен жөн.
Алдағы 2 маусым күні батагөй қариялардың «Батаменен ел көгерер» тақырыбында өтетін облыстық байқауында ауданымыздың намысын қорғайтын түймекенттік абыз қария Күнтуған Ақназаровқа сәттілік тілейміз. Күнтуған аға бұған дейін де облыстық байқауға қатысып, жүлде алып жүргенін білеміз. Демек биыл да жақсы дайындықпен барып, аудан абыройын асқақтатады деген сенімдеміз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.