Біз кз

Таласта көкпар өтті дүркіреген

 Биыл қойнауы қазынаға бай, тасын түртсең тарихтан сыр шертетін, қасиетті топырағынан талай талант түлеп ұшқан киелі Талас ауданының құрылғанына – 95 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай, ауданда мәдени-спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі – күні кеше Ақкөл жерінде ересектер арасында дүркіреп өткен Көкпардан аудан біріншілігін айтуға әбден болады. Көкпар – қазақтың жаны. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын ағайын таңсірәден ұлттық ойынды тамашалауға көп жиналды. Талас ауданы әкімдігінің спорт бөлімі мен Ақкөл ауылы әкімдігі бірлесе ұйымдастырған дүбірлі додада аудан бойынша 15 команда бақ сынасты. Көкпаршылар сынға түспес бұрын Талас ауданы әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдибекова сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі. – Құрметті жерлестер, биыл Талас ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Ғасырға жуық тарихы бар ауданның облысымызда өзіндік тарихы, қолтаңбасы бар құтты мекен. Осы жылдар ішінде аға буын ауданның дамуы жолында аямай тер төкті. Міне, енді бүгінгі ұрпақ та, аталар жолын лайықты жалғастырып, әрі қарай да құтты мекеніміздің гүлдене беруіне жұмыс істеуі тиіс. Осы жолда сіздерге зор денсаулық тілеймін. Ал бүгінгі жарысқа қатысушы командаларға сәттілік серік болсын, – деді Айтолқын Әлдибекова. Сондай-ақ, ол Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отырғанын, бұқаралық спортты, соның ішінде ұлттық ойындарды дамыту мақсатында ауданымызда жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етсе, ал Жаңатұрмыс ауылынан ұлттық ойынды арнайы тамашалауға келген Канал қария көкпаршыларға ақ батасын берді. Ұлттық спорттың жанкүйерлерін көп күттірмеген көкпаршылар да ортаға шығып, қызу ойынды бастап кетті.

Әр командада 5 адамнан жасақталған көкпаршылар жарысқа мықты дайындықпен келгендерін бірден аңғартты. «Сен тұр, мен атайын!» дейтін құрыш білекті, батыл жүректі жігіттер ә дегеннен ойынды тартысты бастады.
Әсіресе, Ойық ауылынан келген көкпаршылар қарсыластарына дес бермеді. Тартысты ойынды тамашалап делебесі қозған жанкүйерлер де жан-жақтан қиқулап, спортшыларға дем беріп отырды. Осы тұста, ерекше атап өтетін бір қуанышты жайт, ұлттық спортқа өсекелең ұрпақтың қызығушылығы мен ілтипаты ерекше сүйсіндірді.
Жанкүйерлердің арасынан ерекше көзге түскен бір топ балаларды сөзге тартып едік, қуана-қуана сұрақтарымызға жауап беріп, ойыннан алған әсерлерін жеткізді.
– Мен ұлттық ойынымыз көкпарды ерекше жақсы көремін. Көкпар ойнаған жігіттер шымыр, шапшаң, мықты болады. Әлі мектеп оқушысымын. Қазір көкпарға қатысып жүрмін. Болашақта мына ағаларым секілді белді команданың мүшесі болғым келеді. Ал бүгінгі ойын өте тартысты өтіп жатыр. «Қай жеңгені менікі!», деп күледі Рамазан есімді оқушы. Осылайша ерте басталған ойын кеш қарая бірақ аяқталды. 8-7 сағатқа созылған жарыста таластық өнерпаздар кезек-кезек әсем әннен шашу шашып, көрермендері серпілтті. Кез-келген доданың жеңімпазы болатыны заңды дүние.

Талас ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай, көкпардан арнайы ұйымдастырлыған аудан біріншілігінің де жеңіспаздары мен жүлдегерлері анықталды. Сонымен, 15 команда қатысқан жарыста оқ бойы оза шапқан Ойық ауылының намысын қорғаған жігіттер 1-орын иеленіп, Кубок және 150 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал жүлделі 2-ші орынды қанжығасына байлаған Амангелді ауылының спортшыларына да Кубок пен 10 0000 теңге табыс етілсе, 3-ші орынға табан тіреген Аққұм ауылының көкпаршылары 50 000 теңгеге және Кублокқа қол жеткізді. Сондай-ақ, ойын барысында ерекше ептілігімен көзге түскен «Үзік ойыншы» номинациясы бойынша 2 ойыншы үздік деп танылып, оларға 10 000 теңгеден, ал «Үздік сүйгүлік» номинациясы бойынша екі аттың иесіне де 10 000 теңгеден үйлестірілді. Ал жарысқа қатысқан, алайда жүлдеге ілінбеген командалар да құралақан қайтқан жоқ. Олардың да әрқайсысына ақшалай сыйлық табыс етілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.