Біз кз

Ақкөлге газ келетін күн жақын

АҚКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ ЖАНДОС РАТОВ: АҚКӨЛГЕ ГАЗ КЕЛЕТІН КҮН ЖАҚЫН
Ақкөл – дамуға потенциалы мықты елдімекен. Ауыл шаруашылығының екі үлкен саласын, яғни өсімдік және мал шарушалығын, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға қолайлы өлке. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауыл кезінде Талас ауданының орталығы болған. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау, Ақкөлді де айналып өткен жоқ. Алайда, соңғы жылдары мемлекеттің ерекше қамқорлығының арқасында ауылдың ажары кіріп, халықтың тұрмысы түзеліп келеді. Бүгінде 2000-нан аса тұрғыны бар ауылдың тыныс тіршгілігімен танысу мақсатында Ақкөл ауылдық округінің әкімі Жандос Ратовпен сұхбаттасқан едік.
– Жандос Аманғалиұлы, өзіңіз ауылға әкім болғалы 2-3 жылдың жүзі болды. Біраз шаруа атқарылғанын ел-жұрт көріп отыр. Ал сіз Ақкөлдің бүгінгі хал-ахуалына қандай баға бересіз?
– Әрине әкімнің жұмысына негізгі бағаны халық береді. Халық еңбегімізді оң бағалап, алғысын жаудырып жатса, одан артық қандай марапат болуы мүмкін?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды жерлерге тиісті көңіл бөлу туралы тапсырмасына орай Ақкөл бүгінде қайта жаңғырып келеді. Талай жылдан бері ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер бірте-бірте шешімін тауып жатыр. Атап айтқанда, ауылда бүлінген, тозған ауылішілік 25 көшенің барлығы толық жөнделді. Ақкөлдегі бұрынғы колледждің ескі ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 200 орындық №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы болып жаңадан ашылды. Қазір мұнда 171 адам жұмыспен қамтылған. Олардың басым көшілігі ауыл тұрғындары екенін, бұл арқылы ауылдағы жұмыссыздық мәселесі оң шешімін тапқанын баса айтқан жөн.
Былтыр ауылда құны 336 млн теңгені құрайтын үлкен спорт кешені пайдалануға берілді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары спорт кешенінің игілігін көріп отыр. Әсіресе, спорт нысаны – бұқаралық спортты дамытуға, жас ұрпақты спортқа баулуға, аудандық спортық іс шараларды көптеп ұйымдастыруға мұрындық болып, жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ ауылдағы екі ескі ғимарат толық жөндеуден өткізіліп, өрт сөндіру бекетіне пайдалануға берілді. Бұған қоса, өрт сөндіру көлігі де сатып алынды. Коммуналдық меншіктегі көп пәтерлі тұрғын үйдің шатыры толығымен ауыстырылды. Сонымен қатар, демеушілер есебінен үлкен футбол алаңына газон төселіп, жарықшамдар орнатылды. Ал ауылды көгеріштендіру мақсатында биыл 500 тал отырғызылды. Жасыратыны жоқ, ақкөлдіктерді көп жылдан бері газ тарту мәселесі толғандырып келеді. Бұйырса, бұл өзекті проблема да жақын уақытта өз шешімін табады.
– Жандос Аманғалиұлы сөзіңіз аузыңызда. Иә, ауыл тұрғындары көгілдір отынды тағатсыздана күтіп отыр. Қазір бұл жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Иә, бұл жұмыс облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің тапсырамасына сәйкес, кестеге сай жүрізіліп жатыр. Қазіргі таңда Жуалы ауданының Билікөл ауылынан бері қарай газ құбыры тартылды, енді осы мамыр айында ауыл ішіне газ құрбыларын тарту жұмыстары басталады. Бұл жұмысты «РАМСТРОЙ» ЖШС атқаратын болады. Бұйырса, жұмыс жоспарға сай жүзеге асса, Ақкөлге газ келетін күн алыс емес.
– Әкім мырза, Ақкөлде облысымызда жүзеге асырылып келе жатқан «Жомарт түлек», «Асарлатып үй салу» жобалары қалай іске асып жатыр?
– Дұрыс айтасыз, біздің аймақта жүзеге асырылып жатқан «Жомарт түлек», «Асарлатып үй салу» жобалары Талас ауданында, оның ішінде Ақкөл ауылдық округінде де сәтті әрі табысты жүзеге асырып келеді.
Аталған бағдарламар бойынша өткен жылдарға қысқаша шолу жасайтын болсақ, 2021 жылы ауыл түлектерінің демеушілігімен жалпы көлемі 11,5 млн теңгеге «Тәуелсіздік аллеясы», «Түлектер аллеясы» және стрит-ар воркаут спорттық алаңшасы салынып, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ауласы абаттандырылды. Ал «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша бір отбасыға үй берілді. Биылда бұл жобалар тиісінше жүзеге асырылатын болады. Жоспарға сай «Жомарт түлек» жобасы бойынша ауылдағы тұрмысы төмен екі отбасыға 2 баспана сатып алып берілетін болса, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 1 отбасының үйіне толық күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
– Жандос Аманғалиұлы, алда қандай жоспарлар бар?
– Алда атқаратын жұмыстар көп. Соның негізгісі – ауыл тұрғындарының денсаулығына қатысты екенін тілге тиек еткім келеді. Алдағы уақытта ауылға жаңадан дәрігерлік амбулатория салу, медицина қызметкерлеріне жедел-жәрдем көлігін алу мәселелері күн тәртібінде тұр.
– Уақыт бөліп сүбелі сұқбат бергеніңіз үшін көп рақмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.