Біз кз

Ескерткіш жаңғыртылып, аумағы абаттандырылды

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың 90 жылдығына орай Ақкөл ауылында еңселі ескерткіш орнатылған болатын. Орталықта бой көтерген белгіге ары-бері өткен жолаушы қайраткер рухына тағзым етіп, құрметін көрсетеді. Алайда, ауылдың ең көрнекті белгісінің бірі саналатын еңселі ескерткіш көптен бері жаңарту жұмыстарын жүргізуге сұранып тұрған болатын. Ол туралы мәселе тұрғындар тарапынан да аз көтерілген жоқ. «Сабақты ине сәтімен» деген. Көп көкейіндегі тілек жуырда қолдау тауып, жүзеге асты.
Жауын-шашын мен ылғалдан тозуға айналған ескерткіш жаңғыртылып, оның аумағы абаттандырылды. Тас тұғыр қола түске боялып, іргесі қалпына келтірілді. Тиісті жұмыстарды «Сабыр» ЖШС-гі жүргізді.
Нысан орналасқан алаңға тас төселіп, келушілерге арналып алты орындық қойылды. Сонымен қатар, жарықтандыру үшін 8 шам орнатылды. Одан бөлек автоматты суландыру жүйесі жүргізіліп, декоративтік туя ағашы отырғызылды.
Құрылыс жұмыстары аяқталған күні ауыл әкімі бастаған қариялар Д.Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, естеліктерімен бөлісті.
-Ауыл тұрғындары жылда Д.Қонаевтың өмірден өткен күні осы ескерткіштің маңына жиылып, гүл шоқтарын қоямыз. Қайраткердің рухына құран бағыштаймыз. Бұл дәстүрге айналған ісіміз. Биыл тиісті жұмыстарды бітірген соң рәсімді орындау туралы келісімге келдік. Мердігер құрылысты екі ай уақытқа жеткізбей аяқтады. Жұмыстың сапалы болғанын көріп отырмыз. Д.Қонаев күллі қазаққа ортақ тұлға ғой. Ескерткішін күтіп қарау, әруағына Құран бағыштау тірілерге парыз. Істің басы-қасында жүріп, жұмыстың мерзімінде аяқталуына, сапалы болуына атсалысқан ауылдық округ әкімі Жандос Ратовқа ризашылығымды білдіремін,-дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.