Таяуда елордамыз Астанада «Тұрақты даму басымдықтарын қалыптастырудағы ауыл әйелдерінің рөлі» атты ауыл әйелдерінің VI республикалық форумы өткен болатын. Ауылды дамытудың түрлі бағыттарының үздік өкілдері мен әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған әлеуметтік жобаға қатысушылар үшін тәжірибе алмасу, оқыту алаңына айналған форумды «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы ұйымдастырып, өткізді. Шараның өтуіне сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасы істері жөніндегі ұлттық комиссия – демографиялық саясат және Халықаралық Кока-Кола қорының қолдауымен әлеуметтік динамиканың ғаламдық және қоғамдық қоры да ұйтқы болғандығын атап өту керек.
Астана қаласында өткен форумға Жамбыл облысы делегаттарының қатарында барған Талас ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ақсұлу Байболатова мен жас кәсіпкер Әйгерім Жүніс республиканың барлық аймағын қамтыған шараның маңыздылығына тоқталды.
– Мұндай республикалық деңгейдегі ауқымды шараға алғаш рет қатысып отырмын. Форум бағдарламасы әйелдердің еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өмірін дамытуға қатысуының түрлі аспектілеріне арналған шараларды қамтыды. Барлық қатысушыларға сондай-ақ, шеберлік сабақтарына, презентацияларға және панельдік пікірталастарға қатысуға мүмкіндік берілді, – дейді Ақсұлу.
«Біз табысқа негізінен отбасымыздың қолдауы мен өзімізге деген сенімділіктің арқасында қол жеткіздік. Әйелдер кез-келген іске жан-тәнімен беріле кіріседі. Ортақ мақсатта оларды белсенділік, өмірге деген сүйіспеншілік, қиындықтарға қарамастан алға қойған мақсатына жете білу сияқты әрекеттер біріктіреді», -деген жас кәсіпкер Әйгерім Жүніс аудан мен ауылдың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы мемлекет қолдауының арқасында мүмкін болғанын, әр аймақтың мәселесін сол жердің тұрғылықты тұрғынынан өзге артық білмейтіндігін, міне сондықтан аталмыш форумға еліміздің барлық өңірінен делегаттардың қатысуы маңызды екенін жеткізді.
Форумнан үлкен әсермен оралған жерлестеріміз шарада өзге қатысушылармен бірге түрлі тренингтерге, шеберлік сабақтарына қатысып, бизнес негіздерін үйреніп, қиындықтан қорықпаған, ауылда өз ісін ашып, табысты дамып келе жатқан нәзік жандылардың әңгімесінен жігерленгендерін айтады.