Біз кз

Тұрғындар тілегі тасада қалмайды

«AMANAT» партиясы Талас аудандық филиалында аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Қабылдауға келген қала тұрғындары негізінен таңғы және кешкі уақыттарда балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, қыс маусымында көше жарықтарының берілу уақыты созылса деген тілектерін жеткізді. Қауіпсіздік мәселесін алға тартқандардың бірі, көпбалалы ана Д. Ерімбетова өзі тұратын Қ.Назарбеков көшесін жарықтандыру мен жол жөндеу жұмыстары кейіндеп, көптен бері шешілмей келе жатқандығын, салдарынан таңғы және кешкі уақытта балалардың мектепке қатынауы қиындап тұрғандығын жеткізсе, 3 мөлтек ауданы 41 үйдің тұрғыны К. Бухарбаев аталмыш үйде бүтін бір подъезд бос тұрғандығын, иесіз пәтерлерге үйсіз жүрген бөгде азаматтардың түнеп, беймезгіл жүргендігін, бұл мәселе ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне қатер тудыратындығын айтты. Тұрғындардың талап- тілектерін мұқият тыңдаған Нұрбол Әбдімәжитұлы бүгінге күнге дейін қала көшелерін жарықтандыру мен жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен оң шешіліп жатқандығын, биылғы жылдың өзінде Қаратау қаласында үлкенді-кіші барлығы 10 көше жарықтандырылғандығын, ал аталған Қ. Назарбеков көшесі мен тағы бірнеше көшелерге жарық қою ісі алдағы 2024 жылы жүргізілетіндігін жеткізді. Ал, осы жарықтың берілу уақытын күзгі, қысқы маусымда ұзартуды қала әкімі Дархан Байымбетовке тапсырды. Ал, иесіз тұрған 3 мөлтек ауданы 41 үйдегі пәтерлерге зерделлеу жұмыстарын жүргізіп, иесі табылмаған жағдайда коммуналдық меншікке алуды, балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарын тоқтатпауды тиісті сала басшыларына жүктеп, мәселенің шұғыл шешілуін тапсырды.
Аудан басшысына жеке сұрақтарымен қайырылған азаматтар бұдан бөлек қазіргі таңда кейбір тұрғындар көмірге қол жеткізе алмай отырғандығын, сондықтан қалаға қатты отынның уақытында жеткізілуін қамтамасыз етуді, кондоминиум арқылы жөнделген кейбір көпқабатты үйлердің сапасыздығы тұрғындарға қолайсыздық тудырып отырғандықтан осы мәселелердің оң шешілуіне ықпал жасауын сұрады.
Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар беріп,орындалуын басшылыққа алуды тапсырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.