Біз кз

Бекжан – ең үздік ауыл дәрігері

Талас аудандық ауруханасының дәрігері Бекжан Мырзағұлов таяуда өткен республикалық байқауда «Үздік ауыл дәрігері» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, ауданның абыройын асқақтатты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған додаға Жамбыл облысынан сыннан сүрінбей өткен бір маман ғана жолдама алған болатын. Біліммен қатар біліктілік те сынға түскен республикалық байқауға қатысуға тек еңбек өтілі 10 жылдан кем емес, бірінші біліктілік дәрежесі бар дәрігерлер мүмкіндік алған. Байқау талаптарына сәйкес баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларымен қоса салауатты өмір салтын сақтау тұрғысында және түрлі аурулардың алдын алу жайында тұрғындармен жүргізілген жұмыстарын да ұсынған үміткерлердің білімдері тестілеу арқылы да тексерілген. Аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде қатысушы дәрігерлердің біліктілігі іс жүзінде алғашқы көмек көрсетудің түрлі тәсілдері арқылы сыналды. Сайыстың әр кезеңінде білімі мен біліктілігін дәлелдеген жерлесіміз Бекжан Мырзағұлов үздіктердің үздігі атанды.
Жас мамандардың көбіне ауылдық жерлерге бара бермейтіндігі салдарынан ауылдарда медицина мамандарының жетіспеушілігі туындауда. Бұл мәселе еліміздің барлық өңірінде әлі күнге толық шешімін таппай келеді. Десек те, маман тапшылығын жою бағытындағы жұмыстар бүгінде өз нәтижесін беріп, ауданымызда бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде.
Бекжан Мырзағұлов 2014 жылы Асфендияров атындағы медицина инситутын тәмамдаған соң еңбек жолын Талас ауданы Есейхан ауылының дәрігерлік амбулаториясында аға дәрігер болып бастаған. Туған жерінде табан аудармастан еңбек етіп, антына адалдық танытып келе жатқан Бекжанның жеңісі барша жас мамандарға үлгі боларлығы анық.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.