7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты №26 мекемесі бастығының орынбасары, әділет майоры Олжас Бектаев бастаған бірқатар қызметкерлер Ұлы Отан соғысының ардагері Мүтәліп Ережепбай ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесімен құттықтады.
Жылы жүздесуде ҚАЖ қызметкерлері сұрапыл соғыста бүгінгі қарт майдангердің ерлігіне өскелең ұрпақ бас иетінін баса айтып, жеңісті жақындатқан жауынгерге алғыстарын білдірді. Өз кезегінде қарт жауынгер елеп-ескеріп келген ізбасарларына шынайы ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, Мүтәліп Ережепбай 1926 жылдың 23 наурызында Талас ауданының Қарой ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына алынған ол Ұлы Жеңістен соң әйгілі Брест қамалын қалпына келтіруге белсене атсалысқан. Запастағы майор ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен және ондаған мерекелік медальдармен марапатталған. 1950 жылы елге оралған М.Ережепбай бейбіт заманда еңбек майданында әбден шынығады.