Біз кз

Туған жер түлектері

Қасиетті Жуалы топырағы талай-талай тұлғалы азаматтар мен ақын-жазушыларға алтын бесік болған құт дарыған қасиетті өлке. Қайраткерлігі һәм қаламгерлігімен елге танылған, белгілі қаламгер, публицист-жазушы, қоғам қайраткері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Талғат Айтбайұлының мерейлі 70 жасқа толуына орай жазушының кіндік қаны тамған туған ауылы – Қошқарата ауылында «Елінің мақтанышы!» атты оқырмандармен кездесу кеші өтті. Жазушы ең алдымен ауылдың орталығындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлерге қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым жасады.

Т.Айтбайұлы келесі кезекте «Жомарт түлек» жобасы аясында өзі оқып, білім алған №9 Абай атындағы орта мектепте шәкірттермен кездесіп, сондағы ауыл тарихы мен ауылдан шыққан азаматтардың өнегелі өмір жолдарына арнап ашылған «Туған өлке тарихы» музейінің ашылуына қатысып, ұстаздарға және оқушы жастарға ізгі тілектерін арнап, шәкірттер тарапынан қойылған сұрақтарға қызықты етіп жауап берді.

Туған ауылына тағзым етуді басты мақсат тұтқан жазушының шығармашылық кеші ары қарай ауылдық мәдениет үйінде жалғасын тауып, онда «Елінің мақтанышы!» тақырыбында оқырмандармен сыр-сұхбат ұйымдастырылды. Онда жазушы өзінің балалық шағы мен шығармашылық жолынан әңгімелердің тиегін ағытып, оқырмандардың сұрақтарына жауап берді. Жазушының мерейтойына Алматы және Шымкент қалаларынан арнайы келген қаламдас інілері және «Желтоқсан» көтерілісінің қаһармандары мен куәгерлері кештен табылып, қаламгарге ізгі тілектерін арнап, шығармашылық табыс тіледі. Туған ауылға перзенттік тілегін арнап келген жазушы, қоғам қайраткері Талғат Айтбайұлына ауылдық округ әкімшілігінің атынан ізгі тілектер айтылып, сый-сияпат жасалды. Кеш барысында әндер шырқалып, өлең оқылды.

Аудан орталығынан бастау алған жазушы ағалардың мерейтойлары, әрі қарай өздерінің туған жерлерінде жалғасты. Жазушы-журналист Талғат Сүйінбайдың 70 жасқа толуына орай «Тұлғаларға тұғыр берген қаламгер» әдеби-сазды кездесуі Тәттібай Дүйсебай ауылындағы ауылдық клубта өтті.

Ол жерде жазушы-журналист Талғат Сүйінбайдың өмірбаяны, кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Аудан орталығынан қонақ болып барған аудандық мәслихат төрағасы Зиядхан Бүрлібаев және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева жазушыға деген ақ тілегін жеткізді. Әрі қарай кеште жазушының сынып жетекшісі мен сыныптас достары да жазушыға деген өздерінің тілектерін айтты.

Бұл іс шарада оқушылар бар өнерлерін көрсетті. Бірі би билесе, енді бірі жазушыға арналған өлендерін оқыды. Іс шараның соңында оқушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Бұған дейін ауданда жазушы, Халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының Бас директоры Доқтырхан Тұрлыбек «Жомарт түлек» жобасының аясында Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте ұстаздармен және оқушылармен кездескен болатын.

«Ғұмыры ғибратты тұлға» тақырыбындағы кездесу жазушының шығармашылығы және өнегелі өмір жолына арналды. Кездесу барысында Д.Тұрлыбек оқушылармен сұқбат құрып, авторлық кітаптары мен бейнефильмдерін мектепке табыс етті. Оқушылар жазушыға сұрақ қойып, кездесу қызықты өтті.

Кездесу кешінде аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрғасы Сейітхан Жұмашев, ардагер журналист Ақылжан Мамыт, Жамбыл облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Марат Құлибаев сөз сөйлеп, жазушыға шығармашылық табыс тіледі.

Сондай-ақ жазушының ұстазы, ардагерлер Рысбек Қазақбаев, Құнанбай Нартаев, Балтабай Жаманбаев, Сағындық Тоқбергенов сөз сөйлеп жазушыға ұзақ ғұмыр тілеп, ақ баталарын жаудырды.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.