Бүгін Сарыкемер ауылының орталық алаңында рәміздер күніне орай, «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтанышым» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Алаңға жиылған аудан әкімі мен мәслихатының аппараты, бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, аудан жастары мен тұрғындары алдында тутұғырдағы Мемлекеттік Ту жоғары көтеріліп, жанды дауыста Мемлекеттік Гимн орындалды. Мемлекеттік рәміздерге деген құрметпен мектеп оқушылары өлең оқыды.
Салтанатты шара қатысушылары алдында аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Болат Сағынбеков құттықтау сөз сөйледі.
– Мемлекеттік рəміздер – Ата Заңымыз секілді Тəуелсіздік құндылығы. Ту, Елтаңба және Гимн – Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін әлемге танытатын құнды белгілер. Еліміздің Мемлекеттік рәміздері халқымыздың құндылықтарын, оның көп ғасырлық тарихы мен бай дәстүрлерін бойына сіңірген. Сондай-ақ, рәміздер -халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін қастерлі нышаны саналады. Азат елдің символы саналатын рәміздерімізді әрдайым құрметтеп, қастерлей білу – әрбір қазақстандықтардың борышы саналады. Баршаңызды Рәміздер күні мерекесімен құттықтаймын, – деді Болат Мырзаханұлы.
Бұдан кейін Болат Сағынбеков мерекеге орай ұйымдастырылған марафон жеңімпаздарын құттықтап, сый-сияпаттар табыс етті. Сонымен қатар, бірқатар азаматтарға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін Алғыс хаттар табысталды.
Шара соңы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Бағдарламада жергілікті ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың «Мақтанышым Отаным» әнін Дулат Жасұзақ, Айгүл Бажанованың «Туған жер» әнін Динара Диханбаева әуелете шырқады. Шара соңы Алмахан Исабаевтың орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды. Қолдарына Көк Туды желбіреткен Байзақ жұртшылығы айтулы мерекені жоғары деңгейде атап өтті.
Осы күні аудан орталығы және барлық ауыл, ауылдық округтерде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Көк туды желбіреткен байзақтықтар бір мезгілде Мемлекеттік Гимнді тебірене шырқады.