Біз кз

Алтын алқалы аналар

Меркі ауданының әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы бірқатар көпбалалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапаттарын табыстады.

Аудан әкімі көп бала дүниеге әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіру – бұл аналар үшін үлкен мәртебе екенін айтып, алғыс білдірді.

Сонымен қатар, көпбалалы аналар еліміздің демографиялық дамуына үлкен үлес қосып отырғандарын жеткізіп, аналарға отбасылық қуаныш, мықты денсаулық тілеп ізгі ниеттерін жеткізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Меркі ауданының тұрғындары Марал Жақыпбекова, Назия Исақұл және Светлана Палимбетова – Алтын алқамен марапатталса,  Зәуре Байдәулетова, Бурлият Батчаева, Ардақ Бекбаева, Алтынай Кушикбаева, Айгерім Садықова, Батима Сағат, Қатира Сырманова, Айгерім Тастанбекова сынды ардақты аналар Күміс алқамен марапатталды.

Ана мен бала денсаулығына, олардың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасап, назар аударып отырған мемлекетке деген өз алғыстарын білдіріп, аналар өз кезегіне ақ батасын берді.

Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңына сәйкес «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» наградалары мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның қарауының нәтижесінде марапаттау Қазақстан Республикасының Президентімен жүзеге асырылады.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Президентіне «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларымен наградтау жөнінде жергілікті атқарушы органдар ұсыныс береді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықтың 4-тармағына сәйкес жұмыс істемейтін аналарға жергілікті атқарушы органдар награда қағазын толтырып, қол қойып, мөрмен куәландырып, комиссияға ұсынады.

«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері мынадай жеңілдіктерге ие болады:

  • көлік құралы салығынан (бiр автокөлiк құралы бойынша);
  • тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен құрылысжайлар алып жатқан жер учаскелері бойынша салық төлеуден;
  • үй жанындағы жер учаскелері бойынша салық;
  • жеке тұлғалардың мүлiк салығынан (АЕК-тің 1000 еселенген мөлшері шегiнде);
  • нотариаттық әрекеттер жасаған кезде мемлекеттiк баж төлеуден;

зияткерлiк меншiк саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган заңдық мәнi бар әрекеттер жасаған кезде мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.