Аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Байзақ үздігі-2024» аудандық жастар сыйлығына үміткер жастарды марапаттау рәсімі өтті.
ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында іске асырылған байқауда жастар арасында іріктелген үміткерлерден 70 өтінім қабылданды. Соның ішінде, үздік танылған, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытып, азаматтық ұстанымы қалыптасқан, әр түрлі салаларда жетістікке жеткен, дарынды, шығармашыл жастар арнайы номинацияларға ие болды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, аталған байқаудың маңыздылығына тоқталды. -Бұл байқау аудан жастарының жаңа жетістіктерге ұмтылуға деген ынталарын арттырып, шабыт сыйлайды. Біз әрқашан еліміздің ертеңі болар жастарды қолдауға дайынбыз, – дей келе, он аталым бойынша топ жарғандарды марапаттады.
Олардың қатарында «Үздік жас педагог» – Дидар Сырғабаев, «Үздік жас медицина маманы» – Дария Егембердиева, «Үздік жас спорт маманы» – Есжан Құрманбай, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» – Айдос Іңкәрбек, «Үздік жас құқық қорғау қызметкері» – Айгүл Нұрова, «Үздік жас жұмысшы» – Дулат Дүйсенбаев, «Үздік жас кәсіпкер» – Ұлболсын Ахмет, «Үздік жас мәдениет қызметкері» – Мадина Шадыхан, «Үздік жас әлеуметтік сала қызметкері» – Үміт Шарипбаева, «Үздік белсенді жас» – Бағжан Өксікбай атанды.
Арнайы аталым иелерімен қатар, ауданда мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін Қуандық Құрманәлі, Зәуреш Сатылғанова, Дәурен Байгудтинов аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Марапаттау рәсімі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.