Біз кз

Ерікті жастар – ел ертеңі

Қашанда қайырымдылық жасауға ұмтылып, өзгемен жүрек жылуымен бөлісуге асығып тұратын халқымыз осынау құнды қасиетке ерекше көңіл бөледі. Әсіресе, ел ертеңі саналатын жастардың бойында өзгеге көмек қолын созу, мейірімділік, қайырымдылық қасиеттің болуы зор қуаныш. Осы ретте өңір жастарының, өз еркімен өзгеге көмектесуге бел шешкен волонтер жастардың атқарып жатқан жұмысы жетерлік. Жыл сайын түрлі шаралар өткізіп, соның нәтижесінде жүздеген, мыңдаған адамға шапағаты тиіп жатады.

Осы ретте облыстағы ерікті жастардың жұмысын үйлестіріп отырған облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Арайлым Әбдуалиевамен сұхбаттасып, бұл бағытта жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесін білген едік.

– Арайлым Әділбекқызы, жамбылдық жастар қашанда өз белсенді. Республика көлеміде қолға алынған қандай да жоба болмасын, өңір жастарының сол ортада топ жарып жүргенін байқаймыз. Ал қайырымдылық шараларын өткізуде, ерікті түрде елге көмек қолын созуда қандай жұмыстар атқарылды?

– Бүгінде облыс бойынша волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында барлығы 12 бағыт бойынша 15 692 адам қамтылып, 1 209 іс-шара өткізілді. Сонымен қатар, волонтерлікті дамыту бойынша бастамашыл топтар 15 шағын грант жеңіп алған болатын. Облыс аумағында волонтерлік қызметпен құрамында 12 мыңнан аса ерікті азаматы бар 13 ұйым айналыcады. Техникaлық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 36, Тараз қаласы мен барлық аудандағы Жастар ресурстық орталықтарының жанынан 154 волонтерлік топ құрылған.

Облыстағы ерікті жастар халыққа түрлі бағыттарды көмектер көрсетуде. Солардың қатарында ерекше атап өтуге тұрарлық «Qamqor» әлеуметтік дүкені. Бұл дүкен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп тұр. Онда ерікті жастар халықтан жиналған түрлі киімдерді өздері тазалап, жуып, үтіктеп, арнайы сөрелерге орналастырып қояды. Ал мұқтаж азаматтар тиісінше өздеріне қажетті таза киімді осы дүкеннен тегін алып кетеді. Бұл біріншіден, артық киімі бар азаматтарды артық ысырапшылдықтан сақтаса, ең бастысы, киімге мұқтаж жандарға үлкен көмек.

– Жыл өткен сайын жастардың волонтерлікке деген көзқарасы қалай қалыптасып келеді? Қызығушылық байқалады ма?

– Биыл волонтерлікке деген қызығушылық артқанын байқап отырмыз. Былтырғы жылмен салыстырғанда өз еріктімен елге көмек қолын созуға ниет білдірген жастар саны 4000-ға өскен. Былтыр ерікті жастардың жалпы саны 8000 болса, биыл бұл көрсеткіш 12000 адамды құрап отыр.

Еріктілер айына түрлі бағыттағы 120-130 іс-шара өткізеді. Қазіргі таңда республикалық фронт офисте Жамбыл облысы үздік 4 өңірдің қатарына кіретінін ерекше атап өтуге болады.Әлеуметтік көмек көрсету бағыты бойынша біздің өңірдің жасы жыл волонтері атанып, жеңіске жеткені біздің өңір үшін үлкен көрсеткіш.

– Ерікті жастармен түрлі бағытта жұмыстар атқарылатынын атап өттіңіз. Солардың бірқатарына тоқталып өтсеңіз…

– Мысалы, «Birgemiz qamqor» бағыты бойынша жалғызбасты қарттарға қамқорлық көрсетіп, әлеуметтік қорғау жүйесінің нысандарында тіркелген асыраушысынан айырылған немесе еңбекке жарамсыз қарттардың клубын құрып, бос уақытында айналысатын сүйікті ісін (хоббиларын) дамытып, жұмыс жасауға ықпал ету мақсатында «Шебер қарттар», «Ерекше ансамбль», «Жүректен жүрекке», «Есте сақтау және интеллект мектебі» жүзеге асып келеді.

Ал «Birgemiz – Taza alem» бағыты бойынша қоршаған ортаны қорғау, өзендер мен аулаларды тазарту, балаларды қоқыстарды сұрыптауға үйрету мақсатында «Ozgeris», «Sanaly urpaq», «Eco chart» жұмыс жасап жатыр.

«Birgemiz sabaqtastyq» бағыты бойынша өмірлік қиын жағдайда қалған балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізіп, шығармашылық қабілеттерін арттырып, мәдени білім беру, қолөнерге деген қызығушылықтарын арттырып, үйретілуде.

«Qoloner» ауылды жерлердегі волонтерлік бағыты бойынша ауылдық аймақтағы жұмыссыздық проблемасын, экологиялық мәселелерді шешіп, ең көп шығатын қоқыс түрлерінен және басқа да материалдарды пайдалану арқылы ауылға жаңа бейне беріп қана қоймай, сонымен қатар ауылдағы мүмкіндіктерді пайдаланып, «Пікір иесі», «Жер қазына», «Жаңа бейне», «Ұлттық рухани жаңғыру» ұрпақтар сабақтастығы бағыты бойынша ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген жайы бар. Осы орайда ұмыт қалған салт-дәстүрлерді жастарға қайта сіңіру мақсатында «Ulttyq keruen», «Dastur IQ» де аянбай келеді.

Әскери патриоттық тәрбие бағыты бойынша жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеп, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін арттырып, патриоттық рух, әскери өмірге және мамандыққа көзқарастарын өзгерту мақсатында «Otan ottan da ystyq» өз қызметін ұсынуда. Ал «Birgemiz saylyq» бағыты бойынша онкологиялық немесе басқа да емделмейтін ауруға душар болған, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға үй жағдайында емдеу мекемелерінде, хоспистерде күтім көрсету мақсатында «Доверся мне» жобалары іске асырылды.

– Жоғарыда әлеуметтік бағыт бойынша жоба ұсынған жастың ел бойынша үздік деп танылғанын атап өттіңіз. Ол қандай жоба және жеңіске жеткен кім?

 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша Азамат Нәмелбекұлы республика бойынша үздік деп танылды. Ол «Халық» қайырымдылық қоры ұйымдастырған «Халық үміті» жалпы республикалық байқауында «Need to Work» тақырыбында жоба ұсынып, 1 миллион теңге жеңіп алды. Жобаның басты мақсаты – қаладағы жұмыссыз жастардың жұмысқа тұруына атсалысу, өз кәсібін бастағысы келетін жастарға 400 айлық есептік көрсеткіштегі қайтарымсыз гранттарды алуға көмек беру болды. Бұл жобаның ерекшелігі барлық ақпараттарды халыққа түсінікті тілмен жеткізу. Азаматтың өзі бұл жобасы туралы: «Осы қаражаттың 70 пайызы жарнамаға жаратылды. Жарнаманың арқасында жобаға Қазақстан ғана емес, орта Азия елдері де қызықты. Жоба бойынша ақпараттанған адам саны 100 мыңнан асты. Қатысуға ниет білдірушілер арасында 126 адам нақты жұмысқа тұрды. Одан бөлек 400 айлық есептік көрсеткіштегі қайтарымсыз грантты 26 адам ұтып алды. Біз оларға бағдар көрсетіп отырдық. Демеуші табылса, тегін түрде ұйымдастыруға дайынмын», деп отыр. Сондықтан, жастарды демейтін азаматтар болса, өңірдің еріктілері әлі талай жетістіктерге жететініне сенім мол.

– Ендеше, жастарға сәттілік тілейміз! Сұхбатыңызға рақмет!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.