Таластық диқандар күзгі жиын- терімді табысты аяқтады
Жаз айларындағы қуаңшылық пен суармалы судың тапшылығына қарамастан таластық диқандар биыл да егіннен табысты өнім алды. Аудан аумағындағы барлық егістік жердің 74 пайызын игерген шаруалар күзгі жиын- терім жұмыстарын толығымен аяқтады. Заманауи технологияның тиімді тәсілінсіз суармалы алқаптарды игеру қиынға соғарын жіті түсінген жергілікті шаруалар биыл су үнемдеу технологияларын енгізуге күш салды. Соның нәтижесінде 5 шаруақожалық 290 гектар егіс көлемін тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісі арқылы суарды. Өткен жылы 77,0 миллион теңгеге жаңбырлатып суару құрал-жабдығы мен сусорғысын сатып алған Бостандық ауылдық округіндегі «Нұр – Дәулет» шаруақожалығы инновациялық агротехниканы пайдалану арқылы 80 гектар шабындық алқапқа көпжылдық шөп екті. «Зерхат» шаруа қожалығы құны 100 миллион теңгеге тамшылатып суару технологиясын орнатып, 100 гектар жерден жақсы өнім алды. Бұған қоса, аталған округтегі «Демеш», «Ошақбай» шаруа қожалықтары суды үнемдеу технологиясын қолданып қызылша, жүгері, картоп сияқты бақша дақылдарын егіп, өнімдерін жинады.
Көктем айларындағы егін егу науқанында аудан диқандары 4833 гектар жерге жаздық арпа, дәндік жүгері, мақсары, күнбағыс, қант қызылшасы , картоп сияқты ауылшаруашылығы дақылдары мен көпжылдық шөп егіп күзде орғанын кәдеге жаратқан болатын. Дала төсін дүбірге толтырған еселі еңбек пен ала жаздай төккен тердің арқасында шаруалар күздік бидайдың гектарына 7,0 центнерден өнім алса, жаздық арпаның гектарына 6,0 центнерден түсім жинады. Жер жайын жетік білетін өңір диқандары бұдан бөлек 2860 тонна картоп, 8400 тонна бақша өнімдері, 212 гектар алқаптан 4918 тонна көкөніс,2400 тонна қант қызылшасы, 2139 дәндік жүгері, 800 гектарға орналастырылған майлы дақылдардан 424 тонна өнім алып ел экономикасын еселеуге айтарлықтай үлес қосып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты міндеттер жүктеген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіпті дамытуға бағытталған жұмыстар ауданда нәтижелі іске асып, осы жылдың тоғыз айында 16 миллиард 307 миллион 200 мың теңге ауылшаруашылығы өнімдері өндіріліп отыр. Асыраушы саланы ілгерлетуге бағытталған «Кең дала» несиелік бағдарламасы бойынша «Жаңалық» шаруақожалғы 3,7 млн. теңге, «Демеш» шаруақожалығы 12,01 млн. теңге несие алып егістік алқаптарын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Мемлекеттік бағдарламалар ауданда табысты жүзеге асып осы жылы 65 ауылшаруашылығы техникалары сатып алынды. Осы техникалардың егін орағына 14 комбайн, 18 автомашина және тағы басқа да ауылшаруашылығы техникалары жұмылдырылды. Күзгі жиын – терім жұмыстарын аяқтаған егіншілер алдағы жылдың өнімі үшін дайындалған 4500 гектар жерге күздік бидай тұқымын сеуіп, көктемгі науқанға ерте қамданды.
Суармалы су тапшылығы жыл өткен сайын күрделеніп тұрған шақта ауданның агросекторын тұралатпай, инновациялық тәсілдерді пайдалану арқылы суды үнемдеу технологияларын белсенді ендіруді мақсат тұтқан шаруақожалық иелері бұл бағыттағы жұмыстарды бастап та кетті.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.
Күзгі жиын-терін табысты аяқталды
Келесі