Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде спортты дамытуға, спорттық инфрақұрылымның балаларға барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуге көңіл бөлінуде
Жұма күні еліміздегі маңызды мереке саналатын Республика күні қарсаңында, Қордай ауылы, Болашақ ықшам ауданындағы спорттық сауықтыру кешені жанынан жасанды жабынмен жабдықталған шағын футбол алаңы ашылды. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Д.Сүгірбай, ауыл әкімі Ә.Қаспақбаев, аудандық спорт бөлімінің өкілдері, ауылдық ардагерлер алқасының мүшелері және жас спортшылар қатысты.
«Біздің халқымыз ежелден денсаулықтың құндылығын түсініп, оны басты байлыққа санаған. Осы қағиданы берік ұстанатын мемлекетіміз ел халқының ақыл-ойы мықты, сау болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан спорттың бұқаралық сипатын дамыту-мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Осы жылдар ішінде ауданның көптеген ауылдарында заманауи спорт ғимараттары салынды. Ауданымызда салауатты өмір салтын насихаттауға және спортты дамытуға көп көңіл бөлінеді. Бүгінгі Болашақ ықшам ауданындағы шағын футбол алаңының салтанатпен ашылуы да бұл сөзімнің дәлелі»,- деп сөз алған Дамира Маратқызы жас жеткіншектерге естелік сыйлықтар табыстады.
Осыдан кейін, ауыл әкімі Әділет Меделбекұлы футбол алаңының пайдалануға берілуін ауыл жастары асыға күткенін және аудандық бюджеттен 9 987,9 мың теңге қаржы қаралып, мердігер жұмыстарды сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтағанын айтты. Шара соңы жасөспірімдер арасындағы спорттық бәсекеге ұласты.