Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов жұмысшы топпен бірге елдімекендерден тысқары орналасқан қыстаулардың жағдайын, мал азығы қорының жеткіліктілігін, ауыз су мен суару көздерімен қамтылуын зерделеу мақсатында бірқатар қыстауларды аралады. Тексеру барысында қыстаулардағы мал басының есепке алынуы, ветеринариялық емдеу, дәрілеу және вакцинациялау жұмыстарының барысы қаралды. Сондай-ақ шаруаларға қажетті жайылым және шабындық жерлер, орман қоры жерінен жайылым алу, ол аумақтарда қора-жай мен үй салу мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі қыстауларға апаратын жолдардың жағдайын, байланыс пен электр желілерінің қолжетімділігін, ауа райы қолайсыз кезеңдерінде азық-түлік пен өзге де қажеттіліктерді жеткізу мүмкіндігін назарға алды. Сонымен қатар шаруа қожалықтарында жұмыс істейтін малшылар мен қызметкерлердің еңбек қатынастарын заңдастыруы, медициналық көмекке қолжетімділігі, вакцинациялау және ем-дом шараларымен қамтылуы тексерілді. Қыстауда тұратын мектеп жасындағы балалардың оқуға бару мәселесі, үлгерімі және оқу құралдарымен қамтылуы да бақылаудан өтті.
Топ мүшелері қыстауларда мәжбүрлі еңбекке жол бермеу, азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді. Аралау барысында Жаңатас қаласы мен ауылдық округ әкімдері, ветеринариялық және медициналық пункт меңгерушілері, учаскелік полиция инспекторлары бекітілген маршрут бойынша бірге қатысты.
Қорытындысында, аудан басшысы шаруа қожалық иелеріне жоғарыда көрсетілген талаптарды қатаң сақтауды тапсырды және тиісті мемлекеттік органдарға нақты шараларды жүзеге асыру бойынша міндеттер жүктеді.