Біз кз

«Заң мен тәртіп» – қоғам тұрақтылығының негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал азамат – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар ретінде: «Тағы бір маңызды құндылық, бұл – заң және тәртіп. Заң алдында бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуі тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тиым салынады. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз», – деп атап көрсетуінің өзі мемлекетіміздегі тыныштықты және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән беруін өте орынды айтылған талап деуге болады.

Шынында да, заң мен тәртіп – мемлекет пен қоғам өміріндегі әділеттіліктің белгісі. Әділетті қоғамда заң теңдік пен тәртіптің кепілі. Заңның сақталуы қоғамда жауапкершілікті әрбір азаматтың саналы түрде сезіне білуінен және оны мүлтіксіз орындауынан байқалады. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік барлық әлеуметтік қатынастардың заңмен реттелу көрсеткішімен айқындалады.

Осы ретте күні кеше өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде «Заң және тәртіп» қағидаттарын нығайту мақсатында жұмыс кеңесі өтті. Аталған іс-шараға ҚАЖ департаментінің бастығы әділет подполковнигі Жәнібек Қосжанов және Ішкі істер министрлігіне қарасты ҚАЖ комитеті Өзіндік қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Бижигит Оспанбеков қатысты.

Жиын барысында қызметтік тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң талаптарын қатаң сақтау және жеке құрам қызметкерлері арасындағы құқықтық мәдениетті арттыру мәселелері жан-жақты сараланды. Сонымен қатар басқосу барысында қызмет атқару кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеу, тәртіп пен жауапкершілікті күшейту бағытында нақты тапсырмалар берілді. Кеңес қорытындысы бойынша жеке құрамға заңдылық пен тәртіпті қатаң ұстану, қызметтік міндеттерді адал әрі сапалы орындау қажеттігі жөнінде қатаң ескертілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Your email address will not be published.