Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес, зияткерлік меншік алғаш рет Конституциялық деңгейде қорғалатын құқық ретінде бекітілді. Жаңа Конституцияның 23-бабының 2-тармағында «Зияткерлік меншік заңмен қорғалады» деген норма айқын көрсетілген. Бұл өзгеріс авторлардың, өнертапқыштардың және құқық иеленушілердің заңды мүдделерін қорғауды күшейтіп, елдің инновациялық және шығармашылық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндік береді.
Осы бағытта Жамбыл облысы Әділет департаменті құқықтарды қорғау және контрафактілік өнімдердің заңсыз айналымының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
2026 жылы жеке және заңды тұлғалардан зияткерлік меншік мәселелері бойынша 12 өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам өсімді көрсетеді.
Сонымен қатар, «APPLE», «IPHONE», «AIRPODS» және «SPLAT» тауар белгілерін заңсыз пайдалану фактілері бойынша 6 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 273 дана контрафактілік өнім тәркіленіп, құқық бұзушыларға жалпы сомасы 583 875 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Заңсыз айналымнан алынған өнімнің жалпы құны 834 200 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылғы 344 500 теңгемен салыстырғанда екі еседен астам жоғары.
Бүгінде Тараз қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында 6 әкімшілік іс қаралып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулыларына сәйкес контрафактілік өнімдер тәркіленіп, жалпы сомасы 583 875 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысы Әділет департаменті облыс көлемінде 5 семинар, 9 дәріс және 4 кездесу өткізді. Сондай-ақ интернет-ресурстарда 31 ақпараттық материал жарияланып, «Антиконтрафакт» республикалық акциясы аясында жастар арасында шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтердің сервистік моделін дамыту шеңберінде өңірдегі мәдениет және медиа ұйымдарын бірыңғай цифрлық платформаға қосу жұмыстары жалғасуда. Бұл зияткерлік меншік құқықтарын цифрлық ортада тиімді қорғауға және көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жамбыл облысы Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, контрафактілік өнімдердің заңсыз айналымының алдын алу және қоғамның құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.
Ерлан Баймолдаев,
Жамбыл облысы Әділет департаменті бөлімінің басшысы.